ҚазҰУ ғалымдары Қырғызстанның оңтүстігінде археологиялық зерттеулер жүргізді — ҚазҰУ

ҚазҰУ ғалымдары Қырғызстанның оңтүстігінде археологиялық зерттеулер жүргізді

3 қыркүйек 2026
ҚазҰУ ғалымдары Қырғызстанның оңтүстігінде археологиялық зерттеулер жүргізді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Қырғызстанның оңтүстігінде ауқымды ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруға және өткізуге қатысты. ZooSTAn CNRS–ҚазҰУ халықаралық зерттеу зертханасы атынан экспедиция жұмыстарына зертхана директоры Уильям Рендю мен жетекші ғылыми қызметкер Светлана Шнайдер жетекшілік етті. Зерттеулерге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Франция, Тәжікстан, Өзбекстан және Испаниядан 30-ға жуық ғалым мен студент қатысты.

ҚазҰУ ғалымдарының бастауымен Баткен облысындағы Айдаркен қаласы маңында, Алай жотасының солтүстік беткейлерінің етегінде далалық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Экспедицияның негізгі бағыттарының бірі Обишир-5 және Сурунгур археологиялық ескерткіштерінде қазба жұмыстарын жүргізу болды. Зерттеушілер мәдени қабаттарды зерделеп, стратиграфиялық тіркеу жұмыстарын атқарды және кейінгі зертханалық талдаулар үшін үлгілер алды. Обишир-5 ескерткіші Орталық Азиядағы ерте неолит кезеңі мен өндіруші шаруашылықтың қалыптасуын зерттеу үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін бұл жерден шамамен сегіз мың жыл бұрын үй қойлары мен ешкілердің пайдаланылғанын дәлелдейтін айғақтар табылған. Көпқабатты Сурунгур ескерткішінен ошақтар, тас және сүйек бұйымдар, сондай-ақ жануарлардың қалдықтары анықталды. Олар ежелгі тұрғындардың шаруашылық қызметіндегі өзгерістерді бақылап, зерттеуге мүмкіндік береді.

ҚазҰУ археологтары зерттеулерге кешенді ғылыми қолдау көрсетті. Экспедиция барысында археозоология, археоботаника, геология, геохимия, палинология және хронологиялық талдау әдістері қолданылды. Мамандар ежелгі мұз басқан іздерді де зерттеп, өңірдің климаты мен өсімдік жамылғысын қайта қалпына келтіруге қажетті материалдар жинады. Экспедиция барысында жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижелері де ерекше маңызға ие.

 «Барлау жұмыстары кезінде біз үңгірге қатысты екі жаңа нысан мен жартастағы суреттері бар 10-ға жуық орын анықтадық. Бұл олжалар ежелгі өнер мен өңірдің қоныстану тарихын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ZooSTAn CNRS–ҚазҰУ халықаралық зерттеу зертханасының директоры Уильям Рендю. Жиналған материалдар алдағы зертханалық зерттеулер мен ғылыми жарияланымдарға негіз болады. Зерттеу нәтижелері Ферғана аңғарының оңтүстігіндегі қоныстану тарихы, ежелгі тұрғындардың шаруашылығы мен өмір салты, климат пен өсімдік жамылғысының өзгерістері, жануарлар дүниесінің динамикасы және адамның қоршаған ортамен өзара байланысы туралы жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі