- Басты бет
- Жаңалықтар
- «А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің тарихы және теориялық маңызы» тақырыбында көшбасшылық дәрісі өтті.
«А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің тарихы және теориялық маңызы» тақырыбында көшбасшылық дәрісі өтті.
2026 жылы 3 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында филология ғылымдарының докторы, профессор Салқынбай Анар Бекмырзақызының «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің тарихы және теориялық маңызы» тақырыбындағы дәрісі өтті.
Ғылыми-танымдық кездесуде қазақ руханияты мен ұлттық ғылымның ірі тұлғасы, ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлының мол ғылыми мұрасы кеңінен сөз болды. Дәріс барысында ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы орны, ұлттық ғылыми терминологияны жүйелеудегі еңбегі және «Әдебиет танытқыш» еңбегінің ғылыми-теориялық негіздері жан-жақты талданды. 5 қыркүйек Ақымет Байтұрсынұлының туған күні әрі Тілдер мерекесі аясында өткізген іс-шарадан тағылым мен тәрбиені дәріптеген мол дәріс тыңдадық.

Профессор Анар Салқынбай өз дәрісінде «Әдебиет танытқыш» еңбегінің жазылу тарихына, оның құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар еңбекте ұсынылған әдеби-теориялық ұғымдар мен терминдердің қазақ әдебиеттану ғылымының ұлттық негізін қалыптастырудағы маңызы сараланды. Ақымет Байтұрсынұлының әдебиет теориясына қатысты тұжырымдарының бүгінгі гуманитарлық ғылымдармен сабақтастығы да ғылыми тұрғыдан қарастырылды.

Дәріс барысында қатысушылар А. Байтұрсынұлы мұрасының қазіргі қазақ филологиясындағы өзектілігі, ғалымның ғылыми-танымдық тұжырымдарының ұлттық білім мен ғылым жүйесіндегі орны туралы кеңінен мағлұмат алды. Кездесу пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында жалғасып, тыңдаушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Іс-шара аясында ғалым Анар Бекмырзақызының «А.Байтұрсынұлы ілімі» кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер барысында еңбектің мазмұны мен ғылыми маңызы таныстырылып, Ақымет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын жаңаша зерделеудің өзектілігі атап өтілді. Тағылымды кездесу ұлт ұстазының рухани және ғылыми мұрасын терең танытуға, оның еңбектерін қазіргі ғылыми парадигма тұрғысынан зерделеуге бағытталған маңызды ғылыми-мәдени шара болды.
Басқа жаңалықтар