1-курс студенттеріне арналған «Білім күні» мерекелік іс-шарасы
2026 жылғы 1 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа оқу жылының басталуына орай 1-курс студенттеріне арналған Бағдар беру апталығы аясында «Білім күні» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің жаңа қабылданған студенттері қатысып, университет пен факультеттің білім беру ортасымен, академиялық мүмкіндіктерімен және студенттік өмірімен танысты.
Бағдарлама факультет деканының құттықтау сөзімен басталды. Факультет басшылығы бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім жолындағы алғашқы қадамдарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар студенттерге сапалы білім алып, кәсіби құзыреттерін дамытуға, ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға белсенді қатысуға тілектестік білдірілді.
Кездесу барысында 1-курс студенттері факультет басшылығымен танысып, факультеттің даму бағыттары, білім беру бағдарламалары және алдағы төрт жылда ұсынылатын академиялық әрі кәсіби мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат алды.
Іс-шара аясында студенттік ұйымдардың қызметі таныстырылып, жастардың университеттің қоғамдық, ғылыми, мәдени және әлеуметтік өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін бастамалар ұсынылды.
Сондай-ақ студенттер үшін қазіргі цифрлық қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – жасанды интеллектіні пайдаланудың этикасы мен жауапкершілігіне арналған ақпараттық кездесу өткізілді. Онда жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде тиімді, қауіпсіз және академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып пайдалану мәселелері қарастырылды.
Бағдар беру апталығы – бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуіне, жаңа академиялық ортаға сенімді қадам басуына және өз мүмкіндіктерін кеңінен танып-білуіне бағытталған маңызды бастама.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті барлық бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, білімге, жаңашылдыққа және үлкен жетістіктерге толы жарқын студенттік өмір тілейді!
Басқа жаңалықтар