Қоғамдық диалог кеңістігі — ҚазҰУ

Қоғамдық диалог кеңістігі

4 қыркүйек 2026
Қоғамдық диалог кеңістігі

Құрылтай – халқымыз­дың тарихи жадында елдік мәселелерді кеңесе отырып шешудің, ортақ мүдде төңірегінде ұйысудың терең дәстүрін білдіретін ұғым. Ғасырлар бойы оның формасы мен қоғамдық қызметі өзгергенімен, негізгі мәні – ел тағдырына қатысты мәселелерді ортақ талқылау, бірлік пен жауапкершілікті сақтау – өзектілігін жоғалтқан емес. Бүгінде бұл тарихи дәстүр заманауи қоғамдық диалогпен сабақтасып, жаңа мазмұнға ие болып отыр.

Осы мәселелер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситеті филология факультетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасы ұйымдастырған «Құрылтай – еліміздің маңызды мәселелерін талқылайтын ортақ алаң» атты онлайн дөңгелек үстелде кеңінен сөз болды. ТДМ-ның «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыты аясында өткен басқосуда Құрылтайдың тарихи негіздері, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты дамытудағы орны, жастар тәрбиесі мен елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үде­ріс­тері талқыланды.

Дөңгелек үстелдің мазмұны бірнеше маңызды бағытты қамтыды. PhD, аға оқытушы Раушан Қондыбаева «Ұлттық құрылтай және жастар» та­қы­рыбындағы баяндама­сын­да қазіргі қоғамдық үде­рістердегі жастардың рөліне назар аударды. Жас буынның азаматтық ұстанымын қа­­лып­тастыру, олардың ұлт­тық құндылықтарға құрметін күшейту, мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарауына жағдай жасау мәселелері көтерілді. Қоғамдық мәселе­лер­ге белсенді араласатын, өз ойын еркін жеткізе алатын және ел дамуына үлес қо­­суға ұмтылатын жастарды қа­лып­тастырудың маңызы аталды. 

Филология ғылымының кандидаты Айгүл Қарақұлова «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына қарай трансформациясы» атты баяндамасында еліміздің қазіргі даму бағыттарына тоқ­талып, әлеуметтік-эконо­ми­калық өзгерістердің қоғам өміріне ықпалын саралады. Қазақстанның жаңа даму кезеңінде экономикалық жаң­ғырудың қоғамдық тұрақтылық, әлеуметтік жауапкершілік және адам капиталының сапасымен өзара байланысы жөнінде пікірлер айтылды.

Ал оқытушы Қанат Бах­тияр­ұлы «Құрылтай: тарихи жадыдан – жаңа саяси институтқа дейін» тақырыбында құрылтай ұғымының тарихи эволюция­сына назар аударды. Ұлы даладағы алқалы кеңес дәс­түрінен бастау алатын бұл ұғым­ның елдік шешімдер қа­былдау мәдениетімен сабақ­тас­тығы сөз болды. Тарихи кезеңдерде құрылтай билік пен қоғам, ел басшылары мен халық өкілдері арасындағы кеңесу кеңістігі ретінде көрінсе, қазіргі жағдайда оның мазмұны қоғамдық диалог, тарихи сана және ортақ жауапкершілік ұғымдарымен толығып отыр­ғаны атап көрсетілді.

Дөңгелек үстелде айтылған пікірлердің ортақ түйіні – құ­рыл­тайды тек тарихи ұғым немесе белгілі бір кезеңде өтетін жиын ретінде ғана қабылдамау қа­жеттігі болды. Оның бас­ты маңызы – қоғамдағы өзек­ті мәселелерді ортаға салып, түрлі көзқарастардың тоғысуына мүмкіндік беруінде. Кеңесу мәдениеті қоғамдағы сенімді нығайтып, мемлекет пен азамат арасындағы байланысты тереңдетуге ықпал етеді.

Басқосу барысында кафедра оқытушылары да белсенді пікір білдіріп, Құрылтайда көтерілетін мәселелерді жоғары білім беру үдерісімен сабақтастыру жолдарына назар аударды. Әсіресе Мемлекет басшысының қоғамдық жауап­кершілік, ұлттық құнды­лықтар, білім, ғылым, мәдениет және жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты бастамаларын студенттік аудиторияда талқылаудың маңызы айтылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар тек тәрбие сағаттарымен шек­­­­­телмеуі тиіс. Құрылтай ма­­териал­дарын дәріс пен се­­м­инар сабақтарында, сту­денттердің ғылыми жобаларында, пікір­та­лас алаңдарында және зерт­­теу жұмыстарында пайдалану – білім алушылардың елдегі қоғамдық-саяси үдеріс­тер­ге саналы көзқарасын қалыптастырудың бір жолы. Өйткені университеттің міндеті кәсіби маман даярлаумен ғана шектелмейді. Жоғары оқу орны қоғам алдында жауапкершілігі бар, тарихи санасы қалып­тас­қан, ұлттық және мемлекеттік құндылықтарды бағалайтын азамат тәрбиелеуге де қызмет етеді.

Осы тұрғыдан келгенде, Құрылтай идеясының білім беру кеңістігі үшін де маңызы зор. Оның негізіндегі кеңесу, пікір алысу, ортақ шешімге ұмтылу және жауапкершілікті бөлісу қағидалары академиялық ортаға да жат емес. Керісінше, мұндай құндылықтар университет қабырғасында еркін ойлайтын, пікірін дәлелдей алатын және өзгенің көзқарасын құр­меттейтін тұлғаның қалып­та­суына ықпал етеді.

Дөңгелек үстел соңында Құрылтайдың бүгінгі мәнін үш негізгі ұғыммен түйіндеуге болатыны атап өтілді: тарихи жады, қоғамдық диалог және мемлекеттік жауапкершілік. Тарихи жады халықтың өт­­ке­нін бүгінмен байланыс­ты­­рады, қоғамдық диалог ор­тақ мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік береді, ал мемлекеттік жауапкершілік сол пікірлердің нақты іске ұласуын талап етеді.

Құрылтайдың ғасырлардан жеткен басты тағылымы да осында. Елдік мәселе ортақ бол­­ған жерде оны шешуге деген жауапкершілік те ортақ болуы тиіс. Ал қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалог – тұрақты даму мен берік бірліктің маңызды негіздерінің бірі.

Қанат ӘШІРҚҰЛОВ, 

Түркітану және тіл теориясы 

кафедрасының аға эдвайзері, PhD

 Нұргүл ИСМАИЛОВА, 

аға оқытушы