Халқымызда амандасу, қал-жағдайды сұрау, сәлемдесу – кез келген жақсы қарым-қатынастың, әңгіменің және сыйластықтың басы деп білеміз.
Сонымен қатар «Сәлем – сөздің анасы» немесе «Сәлем – сөздің басы, көңіл арнасы» деп сәлемдесуге ерекше мән берген. Бұл нақыл сөздің мағынасы мен мәні алғыс алу, жақсылық тілеу болып саналады. Себебі адамдарға сәлем беріп, оның алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің мызғымас үлгісі. Қазақта сәлемді дұрыс бермейтін балаға «көргенсіз», «тәрбие алмаған» деп кейістік білдірсе, ал дұрыс амандасқан адамға «көсегең көгерсін», «жүз жаса», «өркенің өссін» деп бата берген.
Таяуда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы құшақтасып және сүйісіп амандасу үрдісін сынап, азаматтарды байырғы ұлттық дәстүрлер мен жаңа қоғамдық әдеп кодексіне оралуға шақырды. Мемлекет басшысының сәлемдесу мәдениетіне қатысты айтқан негізгі ережелері мен ұсыныстары төмендегідей құрылымда жинақталған:
Президент сынына ілінген әдепсіз іс-әрекеттер:
- Құшақтасып-сүйісу: Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, беттен сүйіп амандасуы қазақ салтында ешқашан болмаған.
- Еркек пен әйелдің сүйісуі: Сәлемдесу кезінде әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі әдепке жатпайды.
- Әскери ортадағы оғаштық: Әсіресе әскери форма киген тұлғалардың өзара құшақтасуы мүлдем орынсыз және көзге оғаш көрінеді.
Президент ұсынған дұрыс сәлемдесу әдебі:
- Нық қол алысу: Ер-азаматтар бір-бірімен кездескенде қолдың ұшын ғана бермей, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек.
- Жылы жүз таныту: Амандасу барысында жасанды әрекетсіз, сәл жымиып, жылы қабақ таныту жеткілікті.
- Қолды жүрекке қою: Кездескен адамға деген шынайы қуаныш пен ерекше құрметті білдіру үшін оң қолды кеуде (жүрек) тұсына қойып сәлемдесу ең тиімді әрі мәдениетті жол деп айтқан болатын.
Президент бұл бастаманы жеке кеңістікті құрметтеу, қоғамдық тәртіп пен ой-сана тазалығын қалыптастырудың маңызды қадамы деп атап өтті.
Ендеше сәлеміміз түзу болсын. Өзара сәлемдесіп, бір-бірімізге амандық тілеп жүрейік.
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, п.ғ.к.
Басқа жаңалықтар