Жаңа Конституция пікірталас өзегіне айналды — ҚазҰУ

Жаңа Конституция пікірталас өзегіне айналды

4 қыркүйек 2026
Жаңа Конституция пікірталас өзегіне айналды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Ата заңдағы өзгерістердің елдің экономикалық дамуына ықпалы, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету және олардың практикалық маңызы талқыланды.     

Іс-шараға Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова, заңгер, PhD докторант Қанат Әлихан, Бизнес-технологиялар кафедрасының PhD, аға оқытушысы Наздана Әділова, «ЕсентайСтрой.КЗ» ЖШС әкімшілік-құқықтық бөлімінің заңгері, PhD докторант Арайлым Карбозова, Қаржы және есеп кафедрасының PhD, доценті Гүлмира Аппақова, сондай-ақ оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты. Кездесуде конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі практикалық мәні, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова университет қабырғасында жаңа Конституцияны талқылаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай пікір алысулар жастардың конституциялық нормалар, экономикалық үдерістер мен азаматтардың әлеуметтік құқықтары арасындағы өзара байланысты терең түсінуіне мүмкіндік береді. Талқылау барысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, инвестициялық ахуалды жақсарту және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қарастырылды.

Заңгер, PhD докторант Қанат Әлихан конституциялық өзгерістерді тек құқықтық қырынан ғана емес, олардың экономикалық және әлеуметтік үдерістерге ықпалы тұрғысынан да бағалаудың маңыздылығын атап өтті.

«Осындай пікірталастар студенттерге Ата заң нормаларының мемлекеттік институттармен және азаматтарға берілетін мүмкіндіктермен байланысын практикалық тұрғыдан түсінуге жол ашады», – деді ол.

Жиынның маңызды бөлігі студенттермен ашық пікір алысуға арналды. Жастар Конституция нормаларын іске асыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобалар бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Талқылау барысында өзекті мәселелер сараланып, түрлі пікірлер айтылды. Студенттер өз көзқарастарын дәйектеп, ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алды.

Кездесу қорытындысында студенттердің ұсыныстары мен пікірлері жинақталып, оларды жастар саясатын жетілдіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және білім алушылар арасында құқықтық ағарту жұмыстарын дамыту бағытында ескеру ұсынылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі