әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының әлеуметтік-экономикалық маңызы талқыланды — ҚазҰУ

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының әлеуметтік-экономикалық маңызы талқыланды

4 қыркүйек 2026
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының әлеуметтік-экономикалық маңызы талқыланды

2026 жылғы 4 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: экономикалық даму, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары және практикалық маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі қағидалары мен нормаларын таныстыру, оның елдің экономикалық дамуына және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз етуге ықпалын түсіндіру, сондай-ақ жастардың конституциялық-құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

Дөңгелек үстел жұмысының модераторы Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының орынбасары Нұрғазы Шыңғыс Әскербекұлы кіріспе сөзімен бастап, кейін дөңгелек үстел аясында сарапшылар өз баяндамаларын ұсынып, жаңа Конституцияның құқықтық, экономикалық және әлеуметтік қырларын жан-жақты талқылады.

Заңгер, PhD докторанты Қанат Насырұлы Алихан «Жаңа Конституция және Қазақстандағы конституционализмнің жаңа кезеңі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамасында Қазақстандағы конституционализмнің даму ерекшеліктеріне, жаңа Конституцияның құқықтық жүйедегі орнына және конституциялық қағидалардың мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеудегі маңызына тоқталды.

«Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Адилова Наздана Джеймс-Уатовна «Новая Конституция Республики Казахстан: содержание, принципы и практическое значение» тақырыбында баяндама жасап, жаңа Конституцияның мазмұны мен негізгі қағидаларын таныстырды. Сонымен қатар конституциялық нормалардың практикалық маңызына және олардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөліне назар аударды.

Заңгер, PhD докторанты Карбозова Арайлым Қанатқызы «Новая Конституция как фактор социально-экономического развития: правовые изменения и их влияние на экономику и благосостояние населения» тақырыбында баяндама ұсынды. Сарапшы жаңа конституциялық нормалардың әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпалын, құқықтық өзгерістердің экономикаға әсерін және халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын қарастырды.

«Қаржы» кафедрасының доценті, PhD Аппақова Гүлмира Несіпбекқызы «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жағдайында кәсіпорындардың қаржылық ашықтығы мен қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету: бухгалтерлік есеп, қаржылық бақылау және салықтық әкімшілендірудің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында кәсіпорындардың қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету, бухгалтерлік есептің сапасы, қаржылық бақылаудың тиімділігі және салықтық әкімшілендірудің экономикалық тұрақтылықтағы рөлі сөз болды.

Баяндамалардан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар арасында кең көлемде пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясы жобасының негізгі ережелерін талқылап, жаңа конституциялық нормалардың құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы ықпалы жөнінде өз пікірлерін білдірді.