Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жалын құрылымы жөніндегі 11-ші халықаралық семинар өтеді — ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жалын құрылымы жөніндегі 11-ші халықаралық семинар өтеді

7 қыркүйек 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жалын құрылымы жөніндегі 11-ші халықаралық семинар өтеді

2026 жылғы 22–25 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жалын құрылымы жөніндегі 11-ші халықаралық семинар (11th International Seminar on Flame Structure – 11ISFS) өтеді.
Семинар жану процестері саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерге арналған халықаралық ғылыми кездесулердің көпжылдық дәстүрін жалғастырады. Жалын құрылымына арналған алғашқы семинар 1983 жылы Новосибирск қаласында өткен. Бүгінде Flame Structure семинарлары жану физикасы мен химиясы, химиялық кинетика, жалын динамикасы, энергетикалық материалдар және заманауи энергетикалық технологиялар саласындағы ғалымдарды біріктіретін маңызды халықаралық ғылыми алаң болып табылады.
11ISFS семинарын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасының Жану проблемалары институты, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің В.В. Воеводский атындағы Химиялық кинетика және жану институты және С.С. Кутателадзе атындағы Жылу физикасы институты бірлесіп ұйымдастырады.
Семинар бағдарламасында пленарлық және ауызша баяндамалар, сондай-ақ постерлік презентациялар қарастырылған. Негізгі ғылыми бағыттар баламалы отын түрлерін, жану процестерінің тиімділігін арттыруды, жаңа энергетикалық технологиялар мен энергетикалық материалдарды, жану кезінде күйе, нанобөлшектер және улы қосылыстардың түзілуін, қалдықтарды қайта өңдеу мен энергетикалық мақсатта пайдалануды, сондай-ақ заманауи эксперименттік және сандық зерттеу әдістерін қамтиды.
Семинардың ғылыми бағыттары БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ 7, ТДМ 9, ТДМ 12 және ТДМ 17) сабақтас және таза энергетиканы, инновациялық технологияларды, ресурстарды тиімді пайдалануды және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Ғылыми бағдарлама 22–24 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында өтеді. 25 қыркүйекте семинар қатысушылары үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.

Ұйымдастыру комитеті атынан
Зұлхайыр А. Мансұров
11ISFS тең төрағасы
Андрей Г. Шмаков
11ISFS тең төрағасы
Владимир Е. Зарко
11ISFS құрметті төрағасы
М. Нәжіпқызы
11ISFS ғылыми хатшысы