- Басты бет
- Жаңалықтар
- География факультетінің түлегінен – ҚР ҰҒА академигі және Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреатына дейін.
География факультетінің түлегінен – ҚР ҰҒА академигі және Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреатына дейін.
Қазақ мемлекеттік университеті әл-Фараби атындағы география факультетінің көрнекті түлектерінің бірі — Ахметқал Рахметуллаұлы Медеу, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.
1977 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың география факультетін тәмамдаған Ахметқал Рахметуллаұлы өзінің кәсіби өмірін отандық география ғылымын дамытуға арнады.
Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу бағыттары — қазіргі геоморфогенез, табиғи қауіптер мен төтенше жағдайлар тәуекелдері, су ресурстары, экологиялық және су қауіпсіздігі, сондай-ақ атластық картографиялау.
Оның іргелі географиялық еңбектерді әзірлеуге қосқан үлесі ерекше. А.Р. Медеу Қазақстан Республикасының Ұлттық атласының, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының табиғи қауіптері мен төтенше жағдайлар тәуекелдерінің атласының» бас редакторы әрі жауапты орындаушысы болды.
Ғалымның ғылыми мұрасы 230-дан астам ғылыми еңбекті, оның ішінде 24 монографияны, 4 атласты және 2 географиялық терминдер сөздігін қамтиды. Оның жетекшілігімен 6 докторлық және 14 кандидаттық диссертация қорғалды.
Ғалымның көптеген жетістіктерінің ішінде ерекше атап өтетін жайт — А.Р. Медеу Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты.
2013 жылы ол Қазақстан Республикасының атластық картографиясы саласындағы ғылыми еңбектер циклі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
2019 жылы — Қазақстан Республикасының табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік контекстінде тұрақты сумен қамтамасыз ету саласындағы ғылыми еңбектер циклі үшін Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар оның марапаттары қатарында Ресей географиялық қоғамының халықаралық «Хрустальный компас» сыйлығы, «Құрмет» ордені, Флейшман атындағы медаль және басқа да мемлекеттік және кәсіби наградалар бар.
Бүгінде Ахметқал Рахметуллаұлы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-да ғылыми және қоғамдық қызметін белсенді түрде жалғастыруда.
А.Р. Медеудің өмір жолы — ҚазҰУ түлегінің ғылымға адалдығы мен Қазақстанның табиғи жүйелерін зерттеу және олардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесінің жарқын көрінісі.
Біз өз түлектерімізді, олардың жетістіктерін және отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін мақтан тұтамыз!

Басқа жаңалықтар