Экология саласындағы жаңа әріптестік
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Чех Республикасының қоршаған орта министрінің орынбасары Мартин Вайсспен кездесті.
Жиынға Чех Республикасының Қоршаған орта министрлігі мен Өнеркәсіп және сауда министрлігінің өкілдері, Т. Г. Масарик атындағы Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының және Прагадағы Чехия жаратылыстану ғылымдары университетінің ғалымдары, сондай-ақ ҚазҰУ факультеттері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруіне қатысты зерттеулер, орнықты даму және экологиялық модельдеу салаларындағы бірлескен жұмыстың мүмкіндіктері сөз болды. Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану салаларында пәнаралық зерттеулер жүргізуге мол ғылыми әрі кадрлық әлеуеті бар екенін алға тартты.

Ректор пікірінше, Чехияның мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындарымен әріптестік орнату іргелі зерттеулерді, заманауи зертханалық базаны және табиғатты қорғауға арналған инновациялық технологияларды бір арнаға тоғыстырып, нақты тәжірибеде қолдануға жол ашады.

Мартин Вайсс Чехия тарапының ҚазҰУ-мен серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Ол су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруіне бейімделу, су сапасын бақылау және экожүйелерді сақтау мәселелері бойынша бірлескен зерттеулердің өзектілігіне назар аударды. Сонымен бірге министр орынбасары Қазақстанның Орталық Азия жағдайында экологиялық және су технологияларын зерттеу мен сынақтан өткізуге, сондай-ақ оларды практикалық тұрғыда енгізуге қолайлы өңірлік ғылыми алаң бола алатынын атап өтті.

Кездесу барысында академиялық және ғылыми алмасуларды дамыту, бірлескен дәрістер, семинарлар, конференциялар мен жазғы мектептер өткізу, сондай-ақ халықаралық гранттық бағдарламаларға ортақ жобалар ұсыну мүмкіндіктері қарастырылды. Әсіресе су ресурстарын басқару мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қолданбалы зерттеулерге басымдық берілді.

Кездесу қорытындысында бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Жұмыс тобы ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын айқындап, нақты жобаларды, оларды іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушыларды қамтитын жол картасын әзірлейді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар