«Таза Қазақстан: Экологиялық бастамалар эстафетасы»
«Таза Қазақстан» экологиялық жобасын және Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсаты «Құрлық экожүйелерін сақтау» бағытын іске асыру аясында филология факультетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының «6B02303 – Шетел филологиясы (батыс тілдері)» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері мен куратор-эдвайзерлері қайталама шикізатты жинау және оны кейіннен қайта өңдеуге тапсыру бойынша челлендж өткізді.
Іс-шараның мақсаты студенттердің қалдықтарды ұтымды басқару және оларды қайта пайдаланудың маңыздылығы мәселелеріне назарын аудару болды. Челлендж барысында қайталама шикізатты бөлек жинау және оны қайта өңдеуге тапсыру қоршаған орта мен табиғи ресурстарды сақтауға әр адамның жеке үлес қоса алатын қолжетімді тәсілдерінің бірі екені іс жүзінде көрсетілді.
Челлендждің бастамашылары орыс тобының студенттері болды. Олар филология факультетінің жатақханасында тұратын студенттер арасында қайталама шикізат жинауды ұйымдастырды. Бастама аясында студенттер одан әрі қайта өңдеуге жарамды қайталама шикізатты жинап, түрлері бойынша сұрыптады. Пластикалық және шыны бөтелкелер, бір рет қолданылатын ыдыстар, картон және макулатура жиналды.
Экологиялық челлендж эстафетасын қазақ тобының студенттері жалғастырып, қайталама шикізатты жинау мен сұрыптауды ұйымдастыру арқылы өз курстастарының бастамасын қолдады.
Челлендждің қорытынды кезеңінде жиналған қайталама шикізат одан әрі қайта өңдеу үшін мамандандырылған «Алатау ЭкоВтор» қабылдау пунктіне тапсырылды. Қабылдау пунктіне бару студенттерге қайталама шикізатпен жұмыс істеу үдерісі туралы практикалық түсінік алуға, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинау мен материалдарды қайта пайдаланудың қоршаған ортаға кері әсерді азайтудағы маңызын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара студенттердің қоршаған ортаның ластану мәселесіне назарын аударуға, қалдықтармен жауапкершілікпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға, оларды бөлек жинаудың практикалық пайдасын көрсетуге, студенттерді бірлескен экологиялық қызметке тартуға, сондай-ақ табиғат пен қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеуге мүмкіндік берді.
Қоршаған ортаны қорғау — қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Қоршаған ортаның тазалығы әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміз бен күнделікті экологиялық мәдениетімізден басталады. Осындай әлеуметтік маңызы бар бастамаларға қатысу студенттерге экологиялық құндылықтарды қолдап қана қоймай, таза әрі қолайлы ортаны қалыптастыруға практикалық үлес қосуға мүмкіндік береді.
Өткізілген челлендж табиғатқа қамқорлық қарапайым, бірақ нақты іс-әрекеттерден басталатынын айқын көрсетті. Қайталама шикізатты жинап, қайта өңдеуге тапсыру арқылы студенттер табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарайтындарын көрсетті және өз үлгілерімен «Таза Қазақстан» жобасының негізгі идеяларын қолдады.
Ұйымдастырушылар: Г.Н. Искакова, Р.А. Төреханова, А.Т. Алимбаева
Басқа жаңалықтар