Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің №5 Жатақханасында Студенттер қалашығы әкімшілігінің бас мамандары Берік Қуанышбайұлы мен Айнұр Абдуллақызы, аға оқытушы PhD Ержан Жұмабекұлы және 1 курс студенттерінің қатысуымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында жиналыс өтті.
Бұл кездесуде студенттердің жаңа ортаға бейімделуіне көмектесу және студенттік өмірдегі маңызды талаптармен танысу, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайда дұрыс әрекет ету және кімге жүгіну керектігі жөнінде түсіндірме берілді.
Жиналыс барысында студенттік өмірге қатысты маңызды мәселелер қозғалды. Әсіресе студенттер қалашығында тәртіп сақтау, ішкі ережелерді орындау, қауіпсіздікке мән беру және бір-біріне құрметпен қарау туралы түсіндірілді. Сондай-ақ, студенттердің құқықтары, міндеттері туралы қозғалып, әр адамның өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауы маңызды екені ескертілді. Жатақханада тәртіп сақтау, әлімжеттілік, үлкенге құрмет кішіге ізет көрсету және ортақ ережелерді бұзбау мәселелері де көтерілді.
Кездесу студенттер үшін маңызды ақпарат алып, өз міндеттерін жақсы түсінуге мүмкіндік берген шара болды. Дәл осындай кездесулер жаңа ортаға тезірек үйренуіне, студенттік өмірге жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді. Заңды біліп, тәртіпті сақтау әрқайсымыздың міндетіміз.
Журналистика факультеті,
«Журналистика» мамандығының
1 курс студенті Аяулым Сержанқызы
14.09.2026 жыл

Басқа жаңалықтар