Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кездесу өтті
2026 жылғы 2 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің 1 курс студенттерімен жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуге Бостандық ауданы полиция департаментінің өкілдері қатысып, студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша маңызды ақпарат берді.
Іс-шара барысында жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлері, олардың алдын алу жолдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар студенттерге қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті, заң талаптарын сақтау және құқықтық жауапкершілікті сезіну қажеттілігі туралы айтылды.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция өкілдерінен нақты жауаптар алды. Еркін форматтағы пікір алмасу жастардың құқықтық білімін арттырып, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді.
Осындай профилактикалық кездесулердің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдағы қауіпсіздік пен заңдылықты нығайту.
Биология және биотехнология факультеті студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырады.
Деканның әлеуметтік-тәрбие жөніндегі орынбасары Басыгараев Ж.М.



Басқа жаңалықтар