Горельник сарқырамасына демалыс күнгі тау жорығы ұйымдастырылды
География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының оқытушылары Әділбай Б.С. және Мәден А.Н. жетекшілігімен, сондай-ақ «Zhastour» клубының ұйымдастыруымен студенттерге арналған демалыс күнгі тау жорығы өтті.
Жорық барысында студенттер Іле Алатауының көрікті табиғи аумақтардың бірі – Горельник сарқырамасына бағыт алып, таулы жер бедерімен танысты. Іс-шараға жоғары курс студенттері мен жаңадан келген 1 курс білім алушылары қатысып, табиғат аясында бірлескен уақыт өткізді. Бұл өз кезегінде студенттер арасында достық қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға және кафедра ішіндегі өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жорық 1-курс студенттерінің оқу жылының соңына жоспарланған оқу-жаттығу тау жорығына дайындығының маңызды кезеңдерінің бірі болырп табылады. Қатысушылар жаяу қозғалыс, таулы жер жағдайында бағдарлау, жорық тәртібін сақтау және қауіпсіздік талаптарын орындау бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.
Іс-шара туризм саласындағы теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, студенттердің физикалық белсенділігін арттыруға, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға және табиғи ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталды.

Жорық БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» және 4-мақсаты – «Сапалы білім» қағидаттарына сәйкес келеді. Табиғаттағы белсенді демалыс салауатты өмір салтын насихаттаса, тәжірибелік оқу форматы студенттердің білімін толықтырып, кәсіби құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.
«Zhastour» клубының осындай бастамалары студенттердің белсенді өмір салтын қалыптастыруға, өзара достық байланыстарын нығайтуға және туризм саласындағы тәжірбиелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Басқа жаңалықтар