ЭжБЖМ студенттері үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтеді — ҚазҰУ

ЭжБЖМ студенттері үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтеді

16 қыркүйек 2026
ЭжБЖМ студенттері үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтеді

21 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебінде студенттерге арналған халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша ақпараттық кездесу өтеді.

Кездесуге Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің өкілдері, сондай-ақ Erasmus+, Orhun, академиялық ұтқырлық және қос дипломдық білім беру бағдарламаларына қатысып, шетелде білім алу тәжірибесіне ие болған ЭжБЖМ студенттері қатысады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді университет ұсынатын халықаралық мүмкіндіктермен кеңінен таныстыру және шетелде білім алу бағдарламаларына қатысуға қызығушылығын арттыру.

Кездесу барысында студенттер халықаралық бағдарламаларға қатысу талаптары, өтінім беру және іріктеу кезеңдері, қажетті құжаттар, шетелдік университеттерде білім алу ерекшеліктері туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар бағдарлама қатысушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу орны мен елді таңдау, құжаттарды дайындау, жаңа академиялық және мәдени ортаға бейімделу жөнінде практикалық кеңестер береді.

Кездесу ашық сұрақ-жауап форматында өтіп, студенттер Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің өкілдеріне және халықаралық бағдарламалардың қатысушыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын тікелей қоя алады.

📅 21 қыркүйек
🕙10:00
📍ВШЭБ, 201-аудитория