Студенттерге сталкинг қаупі түсіндірілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Отбасындағы зорлық-зомбылық және сталкинг: алдын алу, қорғау және жауапкершілік» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара Бостандық аудандық полиция басқармасы мамандарының қатысуымен механика-математика факультетінде ұйымдастырылды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері, құқықтық қорғау тәсілдері, қауіп төнген жағдайдағы әрекет ету тәртібі туралы айтып берді. Әсіресе ашық көріне бермейтін зорлық-зомбылық түрлеріне, атап айтқанда психологиялық қысым, қорқыту, шамадан тыс бақылау, экономикалық тәуелділік, оқшаулау, қорлау және бостандықты шектеу тақырыбына ерекше назар аударылды.

Кездесудің жеке тақырыбы ретінде сталкинг, оның ішінде цифрлық ортадағы көрінісі сөз болды. Қатысушыларға жүйелі түрде бақылау, мазасыз қоңыраулар мен хабарламалар жіберу, адамның тұрған жерін анықтауға тырысу, сондай-ақ кездесуге немесе қарым-қатынасқа мәжбүрлеу күрделі қауіптің белгісі болуы мүмкін екені түсіндірілді. Жастарға жеке шекараны сақтаудың және құзырлы органдарға уақтылы жүгінудің маңыздылығы ескертілді.

Ашық диалог барысында жастар қауіпті жағдайлардың алдын алу, өз құқықтарын қорғау және зардап шеккендерге қолдау көрсету бойынша практикалық ұсыныстар алды. Мамандар сондай-ақ қатысушылар сұрақтарына жауап берді.

Кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. ҚазҰУ-да студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік жауапкершілікті нығайту және әрбір адамның қадір-қасиетін өзара сыйлау мен мойындауға негізделген қарым-қатынасты дамыту бойынша профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар