«Таза Қазақстан»: пластикалық қалдықтарды азайту жолдары талқыланды
2026 жылғы 15 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультеті Молекулалық биология және генетика кафедрасында «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Пластикалық қалдықтар: мәселе және оны шешу жолдары» тақырыбында экологиялық-ағартушылық іс-шара өтті.
Іс-шараға «Биотехнология» және «Генетика» білім беру бағдарламаларының 3–4 курс студенттері қатысты. Кездесу эдвайзер, доцент Н.А. Алтыбаеваның жетекшілігімен өткізілді.

Іс-шара барысында қатысушылар пластикалық қалдықтардың қоршаған ортаға, топыраққа, су ресурстарына және тірі ағзаларға әсерін, микропластиктердің түзілу мәселесін, сондай-ақ пластикті тұтынуды азайту, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жолдарын талқылады. Студенттер өзара пікір алмасып, бір реттік пластик өнімдерін пайдалануды қысқарту, көп рет қолданылатын бұйымдарға көшу және пластикалық қалдықтарды бөлек жинау сияқты практикалық шешімдерді ұсынды.
Іс-шара студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, жеке жауапкершілігін арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттарын күнделікті өмірде ұстануға бағытталды.
Молекулалық биология және генетика кафедрасы
Басқа жаңалықтар