Дмитрий Баландиннің оқытушысы оның сабақ үлгерімі жайында әңгіме өрбітті

27 тамыз, 2016

«Димамен 3-ші сыныпта оқып жүрген кезден бастап айналыса бастадым. Ол адал ниетті, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын шәкірт екендігін көрсетті. Ешқашан қиындықтан қашқан емес. Тапсырмалардың барлығын бұлжытпай орындайтын. Білмеген жерін қысылмай сұрайтын. Кейін ол спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алды. Онда басқа жаттықтырушылардың қол астында жаттықты. Мектептен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсті. Барлық жаттығулар дене шынықтыру институтының базасында жүрді. Студенттер сонда барып, жаттығатын. Әрине, жарыстарға байланысты Диманың сабаққа келе алмай қалып жүрген кездері болды. Бірақ, тапсырмаларды міндетті түрде алып жүрді. Оқытушыларға жауаптарды жіберіп тұратын. Қарапайым болатын, атағын бұлдаған емес. Берілген тапсырмаларды лайықты орындап жүрді. Жақсы оқиды. Дима алдына мақсат қоя білетін және сол мақсаттарына жете білетін өр мінезді жігіт. «Жұлдыз» ауруымен ауырмайды», - деді А. Хохлов.    

Оның айтуынша, Ұлттық университетте жүзу бойынша дәріс беріп келе жатқанына 8 жыл болған. Жүзуден университет Универсиада ойындарында ұдайы бірінші орын алып келеді.    

Ал, алдағы 1 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жаңа бассейін пайдалануға беріледі.

Оның айтуынша, Д. Баландин Рио Олимпиадасында үздік өнер көрсетті.

«Дәл қазіргі таңда Қазақстанның жүзу спортында Дмитрийге ұқсап  ешкім өнер көрсете алмас еді», - деді ол. «Дима Олимпиада чемпионы. Бұл жерде барлығына бірдей мүмкіндік берілді. Ол басқаларға қарағанда финалда мықты, ширақ өнер көрсетті», - деді А. Хохлов.

Ол Диманың Токио Олимпиадасына қатысып, топ жаратындығына сенеді.