- Басты бет
- Кампус
- Механика-математика факультетінің 1-курс студенттерімен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті
Механика-математика факультетінің 1-курс студенттерімен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті
2026 жылғы 16 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультетінің 1-курс студенттерінің қатысуымен «Заң және тәртіп» тақырыбында форум өтті. Іс-шараға 250-ге жуық студент қатысты.
Форумға Студенттер қалашығының бас маманы Б.К. Дихан, Механика-математика факультетінің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Б.И. Ахметова және Е.Т. Қалшаев қатысты.
Кездесу барысында университет қызметкерлері студенттермен еркін форматта пікір алмасып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілігін нығайту бағытындағы маңызды мәселелерді талқылады.
Б.К. Дихан өз сөзінде студенттердің басты міндеті сапалы білім алумен қатар, қоғамның белсенді, саналы әрі жауапты мүшесі ретінде қалыптасу екенін атап өтті. Осы ретте заң талаптарын сақтау, белгіленген тәртіп нормаларын ұстану, өз құқықтары мен міндеттерін білу, сондай-ақ академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум барысында студенттердің университеттегі ішкі тәртіп ережелерін сақтауына, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруына, қоғамдық ортадағы мінез-құлық нормаларын ұстануына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Сонымен қатар жастардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын орындаудың маңызы және кез келген жағдайда саналы шешім қабылдаудың қажеттілігі жөнінде түсіндірмелер берілді.
Іс-шараның маңызды бөлігі ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, университет қызметкерлерімен еркін пікір алмасты. Кездесу барысында жастардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер берілді.
Осындай кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, академиялық және этикалық құндылықтарды нығайтуға, сондай-ақ жастардың тұлғалық және азаматтық дамуына ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, «Заң және тәртіп» қағидатын дәріптеу және қауіпсіз әрі жауапты студенттік орта құру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады.


Басқа жаңалықтар