- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ докторанты Пәкістандағы халықаралық бағдарламада ғылыми жобасын таныстырды
ҚазҰУ докторанты Пәкістандағы халықаралық бағдарламада ғылыми жобасын таныстырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің докторанты Назерке Жарбосынова Пәкістанның Жоспарлау, даму және арнайы бастамалар министрлігі ұйымдастырған Summer Scholars Programme 2026 халықаралық зерттеу тағылымдамасына қатысты.
Пәкістанның URAAN Pakistan 2035 ұлттық даму стратегиясы аясында өткен бағдарламаға 54 елден жас зерттеушілер мен мамандар жиналды. Тағылымдама барысында ҚазҰУ докторанты «Пәкістандағы дәстүрлі институттар: мемлекеттік саясат және басқару» атты ғылыми жобасын таныстырды.

Зерттеу қазіргі Пәкістандағы мемлекеттік басқару жүйесінде дәстүрлі және бейресми институттардың алатын орнына арналған. Назерке Жарбосынова олардың мемлекеттік құрылымдармен өзара байланысын, мемлекеттік саясат пен құқықтық реттеудегі орнын, сондай-ақ жергілікті деңгейде дауларды шешудің баламалы тетіктерін дамыту мүмкіндіктерін зерделеді.

Тағылымдама аясында Пәкістанның жетекші мемлекеттік және сараптамалық ұйымдарының қызметімен танысуға мүмкіндік туды. ҚазҰУ докторанты Ұлттық ассамблеяға, Жоғарғы сотқа, Пәкістанның Даму экономикасы институтына, Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі ұлттық басқармаға және Ұлттық деректер базасы мен тіркеу басқармасына барды.

Кездесулер барысында мемлекеттік басқару мен стратегиялық жоспарлау, цифрландыру, климаттық қаржыландыру және адами капиталды дамыту мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар бойынша мемлекеттік органдар өкілдері мен сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бағдарламаның маңызды сәттерінің бірі Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шарифпен өткен кездесу болды. Әңгіме барысында ел дамуының басым бағыттары мен Қазақстан–Пәкістан ынтымақтастығын одан әрі нығайту мүмкіндіктері сөз болды. Халықаралық тағылымдама Назерке Жарбосыноваға зерттеу аясын кеңейтіп, кәсіби байланыстар орнатуға және практикалық білімін тереңдетуге мүмкіндік берді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар