Ғалым еңбегі – ғылымға құрмет, ұлт болашағына қызмет — ҚазҰУ

Ғалым еңбегі – ғылымға құрмет, ұлт болашағына қызмет

18 қыркүйек 2026
Ғалым еңбегі – ғылымға құрмет, ұлт болашағына қызмет

Ғалымын төрге шығарған елдің өркениеті өрге жүзеді. Ғылымға құрмет – елдің болашағына жасалған инвестиция.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы доценті м.а., PhD Жанат Сәрсенбайдың «Қазіргі қазақ тіліндегі коммуникативтік тәжірибе: норма мен узустың арақатынасы» атты ғылыми монографиясының тұсаукесері өтті.

Ғылыми еңбек қазіргі қазақ тіліндегі тілдік норма мен узус арақатынасын, коммуникативтік тәжірибенің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін зерделеуге арналған. Монографияда тілдік қолданыстың теориялық және практикалық мәселелері қарастырылып, қазіргі коммуникация үдерісіндегі тілдік құбылыстар ғылыми тұрғыдан сараланады.

Кітаптың тұсаукесеріне Филология факультетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Атап айтқанда, профессор А. Салқынбай, қауымдастырылған профессор Б. Құлжанова, факультет деканының орынбасары Ш. Шортанбаев, магистр Н. Төлеева, PhD А. Ақжігітова, PhD А. Асенова, PhD Г. Искакова, магистр М. Хамитова, магистр Б. Каспихан және кафедра оқытушылары ғылыми еңбек туралы пікірлерін білдіріп, зерттеудің өзектілігі мен ғылыми маңызына тоқталды.

 

Іс-шара барысында студенттер тарапынан монографияның мазмұнына, тілдік норма мен узустың арақатынасына, қазіргі қазақ тіліндегі коммуникативтік үдерістерге қатысты сұрақтар қойылды. Кітап авторы Жанат Сәрсенбай қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен ғылыми ізденіс барысында жинақталған тәжірибесімен бөлісті.

Тұсаукесер барысында ғылым жолының жауапкершілігі мен табандылықты талап ететіні де сөз болды. Ғылыми еңбек – бір күндік ізденістің нәтижесі емес, ұзақ уақытты, терең зерттеуді және үлкен шыдамдылықты қажет ететін шығармашылық үдеріс.

Абай Құнанбайұлының:

«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз»

деген тағылымды сөзі ғылымға ұмтылған әрбір ізденуші үшін маңызды бағдар. Ғылымға көңіл бөлу – уақыт пен зейінді ізденіске арнап, білімді тереңдету, жаңа ғылыми ой қалыптастыру деген сөз.

 

Іс-шара соңында ұстаз еңбегіне құрмет ретінде өлең оқылып, күй тартылып, рухани-мәдени мазмұндағы әсерлі сәттермен жалғасты.

Жанат Сәрсенбайдың «Қазіргі қазақ тіліндегі коммуникативтік тәжірибе: норма мен узустың арақатынасы» атты монографиясының жарық көруі – қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелерді зерттеуге қосылған ғылыми үлес. Ғалым еңбегін ұлықтау – ғылымды ұлықтау, ал ғылымды ұлықтау – елдің интеллектуалдық болашағына қызмет ету.