Ғылымға арналған ғұмыр: Гүлнар Тоқбергенқызы Ситпаеваның 60 жылдық мерейтойына орай — ҚазҰУ

Ғылымға арналған ғұмыр: Гүлнар Тоқбергенқызы Ситпаеваның 60 жылдық мерейтойына орай

21 қыркүйек 2026
Ғылымға арналған ғұмыр: Гүлнар Тоқбергенқызы Ситпаеваның 60 жылдық мерейтойына орай

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының ұжымы Қазақстан Республикасы Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Гүлнар Тоқбергенқызы Ситпаеваны 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!

Г.Т. Ситпаеваның кәсіби қызметі Қазақстандағы ботаника ғылымының дамуы, өсімдіктер алуан түрлілігін зерттеу мен сақтау, ғылыми инфрақұрылымды нығайту және жас ғалымдарды даярлау бағыттарымен тығыз байланысты. 2008 жылдан бері ол өсімдік ресурстарын зерттеу, сақтау және ұтымды пайдалану саласындағы еліміздің жетекші ғылыми орталықтарының бірі — Ботаника және фитоинтродукция институтын басқарып келеді.

Г.Т. Ситпаева 230-дан астам ғылыми жарияланымдардың, монографиялар мен әдістемелік еңбектердің, патенттер мен авторлық куәліктердің авторы. Ғалымның қызметінде ғылыми кадрларды даярлау және жас зерттеушілерді қолдау бағыттарына ерекше мән беріледі.

Ботаника және агроэкология кафедрасы үшін Ботаника және фитоинтродукция институтымен көпжылдық ынтымақтастықтың орны ерекше. Институт базасында кафедра студенттері оқу және өндірістік практикадан өтіп, тірі өсімдіктер коллекцияларымен және гербарий қорларымен жұмыс істейді, далалық және зертханалық зерттеу әдістерін меңгереді. Магистранттар мен докторанттарға ғылыми жобаларға қатысуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және ботаника, геоботаника, өсімдіктер интродукциясы мен биоалуантүрлілікті сақтау салаларындағы жетекші мамандармен кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалған.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — жоғары білікті мамандарды, атап айтқанда PhD докторларын бірлесіп даярлау. Кафедра мен Институт арасындағы ғылыми байланыстар университеттік білім мен академиялық ғылымды ұштастыруға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және кәсіби тәжірибені жас ғалымдарға беруге зор ықпал етеді.

Ботаника және фитоинтродукция институты сондай-ақ ҚазҰУ түлектері үшін бейінді жұмыс берушілердің бірі болып табылады. Бакалавриат, магистратура және докторантура түлектері университетте алған білімдері мен кәсіби дағдыларын ғылыми-зерттеу қызметінде қолдана отырып, осында өздерінің кәсіби жолын жалғастыруға мүмкіндік алады. Мұндай өзара байланыс университеттік білім мен алғашқы студенттік зерттеулерден бастап кәсіби ғалым ретінде қалыптасуға дейінгі маңызды сабақтастықты қамтамасыз етеді.

Құрметті Гүлнар Тоқбергенқызы!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының ұжымы Сізге көпжылдық жемісті ынтымақтастығыңыз, жас зерттеушілерді қолдауыңыз, білікті мамандар мен ғылыми кадрларды даярлауға қосқан елеулі үлесіңіз үшін шынайы алғысын білдіреді.

Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, мол күш-қуат, сарқылмас шығармашылық және ғылыми ізденістеріңізге толағай табыстар тілейміз! Ботаника және фитоинтродукция институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы көпжылдық ынтымақтастық одан әрі нығайып, жаңа буын ғалымдарын даярлауға және Қазақстанның бірегей өсімдіктер дүниесін зерттеу мен сақтауға өз үлесін қоса берсін!

60 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын!

Ізгі ниетпен,

Ботаника және агроэкология кафедрасының ұжымы
Биология және биотехнология факультеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті