ҚазҰУ-да этномәдениеттану бойынша көшбасшылық дәріс өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі туватанушы, ҚазҰУ-дың шақырылған шетелдік профессоры Чимиза Ламажаа «Этномәдениеттерді концептуализациялау: пәнаралық тәсіл» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институты мен Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы ұйымдастырған басқосуға университет оқытушылары, зерттеушілер мен студенттер жиналды. Шара аясында ғалымның «Мәдениет концептілері. Түркі әлемі» атты жаңа монографиясының салтанатты таныстырылымы өтті.

Дәрісте этномәдениеттерді қазіргі гуманитарлық ғылымдардың тоғысында зерттеудің өзекті мәселелері қозғалды. Чимиза Ламажаа мәдениетті тарихи қалыптасқан дәстүрлер мен құндылықтардың жиынтығы ретінде ғана емес, адамның әлемді қабылдауы мен түсінуін қалыптастыратын күрделі мағыналық жүйе ретінде қарастырудың маңызына тоқталды.

Ғалымның пікірінше, мәдени тұжырымдамаларды зерделеу арқылы қоғамның тарихи жадын, дүниетанымын және мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуге болады. Осы ретте философия, мәдениеттану, әлеуметтану және антропология секілді ғылымдардың өзара тоғысуы этномәдени үдерістерді жан-жақты пайымдауға жол ашады.
Түркі әлемінің мәдени кеңістігі дәрістің негізгі бағыттарының бірі болды. Баяндамашы мәдени концептілер арқылы түркі халықтарының дүниетанымын, дәстүрлер сабақтастығын және мәдени құндылықтардың қазіргі қоғамдық өзгерістер жағдайындағы трансформациясын зерттеудің мүмкіндіктерін көрсетті.


Дәрістің екінші бөлігінде «Мәдениет концептілері. Түркі әлемі» монографиясының мазмұны мен негізгі тұжырымдары таныстырылды. Чимиза Ламажаа еңбекте түркі мәдениеттерін зерттеудегі концептуалдық тәсілдің ерекшеліктерін айта келе, мәдени ұғымдарды талдаудың қазіргі гуманитарлық ғылымдағы маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Тува арасындағы ғылыми-академиялық байланыстар туралы сөз қозғалды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Тува ғалымдарының халықаралық ынтымақтастығы 2024 жылдан бері жалғасып келеді. Осы кезеңде университет оқытушылары мен жас зерттеушілердің ғылыми еңбектері «Новые исследования Тувы» журналында жарық көрді.

Ғылыми ынтымақтастықтың дамуы түркі әлемінің мәдени және әлеуметтік үдерістерін салыстырмалы тұрғыдан зерделеуге, зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болып отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар