ҚазҰУ түлегі әлемдегі Топ-30 триатлоншы қатарына енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Елдар Шекербек IRONMAN толық қашықтығы бойынша 19-24 жас аралығындағы спортшылар арасында әлемнің үздік 30 триатлоншысы қатарына енді.
Қазақстандық спортшы бұл нәтижеге Италияда өткен IRONMAN Italy Emilia-Romagna 2026 халықаралық жарысында қол жеткізді.
Әлемдегі ең беделді әрі ауқымды триатлон жарыстарының бірі 19 қыркүйекте Адриатика теңізінің жағалауындағы Червия қаласында өтті. Сайысқа әлемнің әр елінен 6 мыңнан астам атлет қатысты. Олардың 2117-сі толық қашықтықты еңсеріп, мәреге жетті.
IRONMAN толық қашықтығы – спортшының төзімділігі мен физикалық дайындығын барынша сынайтын күрделі жарыстардың бірі. Қатысушылар алдымен ашық суда 3,8 шақырым жүзіп, одан кейін 180 шақырым велосипедпен жүріп өтеді. Жарыстың соңғы кезеңінде олар 42,2 шақырымдық марафонды бағындырады. Осылайша спортшы бір жарыс барысында шамамен 226 шақырым қашықтықты еңсереді.

Осындай жоғары бәсеке жағдайында Елдар Шекербек жарыстың барлық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің үздік жас спортшылары қатарына енді. Бұл санатта ол Қазақстан атынан қатысқан жалғыз спортшы болды.
Елдар Шекербек – жүзуден Қазақстан Республикасының спорт шебері, триатлон және президенттік көпсайыстан спорт шеберлігіне үміткер. Ол спортпен 12 жасынан бастап айналысады. Алғашқыда президенттік көпсайыспен шұғылданған спортшы кейін Қазақстанның жастар арасындағы триатлон құрамасының сапында жаттығып, кәсіби шеберлігін шыңдады.
Елдар Шекербектің спорттық жолындағы маңызды жетістіктерінің қатарында Oceanman ашық суда жүзу сериясы бойынша әлем чемпионаттарындағы екі жеңісі бар. 2022 жылы Таиландтың Краби аралында өткен Азия чемпионатында 5 шақырымдық қашықтықты 1 сағат 10 минутта жүзіп өтіп, 1200 қатысушының арасынан абсолютті чемпион атанды.

2025 жылы қазақстандық спортшы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем чемпионатының финалында 10 шақырымдық қашықтықта үздік бестікке енді. Сондай-ақ Босфор бұғазынан жүзу жарысында жас санатында алтыншы орын иеленді.
Спорттық мансабымен қатар, Елдар Шекербек жаттықтырушылық қызметпен де айналысады. ҚазҰУ-да дене шынықтыру бағыты бойынша бакалавриат білімін алып, университеттің заң факультетін тамамдаған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар