Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Оксфорд университетінде өткен этнографтардың халықаралық конференциясына қатысып, академиялық ынтымақтастық орнатты — ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Оксфорд университетінде өткен этнографтардың халықаралық конференциясына қатысып, академиялық ынтымақтастық орнатты

14 қыркүйек 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Оксфорд университетінде өткен этнографтардың халықаралық конференциясына қатысып, академиялық ынтымақтастық орнатты

2026 жылғы 5-12 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі М.Қ. Егізбаева мен аға оқытушы, PhD Н.Н. Әбдінәсір AP23490262 «Тарбағатай өңірінің қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ–ХХІ ғасырдың басы)» гранттық жобасы аясында Ұлыбританияның Оксфорд және Эдинбург қалаларында ғылыми іссапарда болды.

Ғылыми іссапар барысында зерттеушілер Оксфордта өткен халықаралық «Oxford Ethnography and Education Conference (OEEC)» конференциясына қатысып, этнография мен білім берудің өзара байланысына қатысты өз зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Конференцияда ғалымдар Тарбағатай өңіріндегі зерттеулер негізінде отбасылық әңгімелердің этнографиялық білім берудегі орнына, отбасылық әңгімелер, ұрпақаралық жады және этнографиялық білімнің өзара байланысына тоқталды. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасында жүзеге асырылып жатқан этнографиялық кәсіби практикалар, студенттердің далалық зерттеу жұмыстары және этнологиялық білім берудің қазіргі бағыттары туралы шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты.

Іссапардың маңызды бағыттарының бірі - Эдинбург университетінің Әлеуметтік антропология саласындағы ғалымдарымен академиялық байланыстарды дамыту болды. Осы мақсатта зерттеушілер Эдинбург университетінің Әлеуметтік антропология бағытының жетекшісі доктор Люси Лоумен, Орталық Азия антропологиясы саласында зерттеу жүргізетін доктор Грейс Чжоумен, сондай-ақ кафедраның ғылыми қызметкерлері доктор Сиобхан Маги және Ли Макнейшпен кездесті.

Кездесулер барысында Орталық Азия антропологиясы мен этнографиясының өзекті мәселелері, ғылыми зерттеу бағыттары, тәжірибе алмасу және болашақтағы академиялық ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.