- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ ғалымының жобасы аясында Жалағаш ауданындағы Қабылтам кесенесіне этноархеологиялық зерттеу жүргізілді
ҚазҰУ ғалымының жобасы аясында Жалағаш ауданындағы Қабылтам кесенесіне этноархеологиялық зерттеу жүргізілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі Айнұр Бейсегулова жетекшілік ететін AP26197945 «Этно-эко жүйедегі Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұмды этнографиялық және этноархеологиялық зерттеу» жобасы аясында кезекті ғылыми-зерттеу жұмыстары өтті.
Далалық зерттеулерге Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор Жанболат Утубаев пен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Тарих және археология» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, PhD доктор Ыслам Құрманиязов қатысты. Ғалымдар Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының маңында орналасқан Қабылтам кесенесі ескерткішіне этноархеологиялық зерттеулер жүргізді.
Зерттеу барысында ескерткіштің қазіргі жай-күйі сараланып, толық фото-фиксация жұмыстары орындалды. Қазіргі таңда апаттық жағдайда тұрған кесененің ішкі қабырғасындағы сирек кездесетін суреттердің нақты өлшемдері алынып, көшірмелері қағазға түсірілді. Назар аударарлығы, әртүрлі бояулармен салған бұл қабырға суреттерінің арасында жолбарыс пен пілдің бейнелерін де кездестіруге болады.
Сонымен қатар, экспедиция мүшелері кесенеге қатысты ел аузында сақталған халық аңыздары мен тарихи деректерді жазып алды. Қазіргі уақытта жиналған мәліметтер сараланып, архив құжаттарымен жұмыс жүргізілуде.
Басқа жаңалықтар