Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары халықаралық симпозиумда баяндама жасады
2026 жылдың 15–16 қыркүйегінде «Ғылым ордасында» «Палеонтология, зоология, археология, археография: қор коллекцияларын пәнаралық зерттеу және оларды жаңа материалдармен толықтыру» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Жиынға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының оқытушылары Ерғабылов Акбар және Шаймуханова Дидар мазмұнды баяндамалар ұсынды.
Аралас (онлайн және офлайн) форматта ұйымдастырылған ауқымды басқосуға Қазақстан, Қытай, Франция, Ресей және Өзбекстанның жетекші ғалымдары, мұражай мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жас зерттеушілері жиналды.
Симпозиумның ғылыми бағдарламасы 5 негізгі секцияны қамтыды:
Палеонтологиялық коллекцияларды сақтау, реставрациялау және зерттеу;
Зоологиялық қорлар және биоалуантүрлілік;
Археологиялық материалдарды пәнаралық зерттеу және интерпретациялау;
Археография, жазба дереккөздері және мұражай қорлары;
Цифрлық технологиялар және мұражай коллекциялары.
Секциялық мәжілістерде мұражай қорларын сақтау, заманауи методологиялар негізінде зерделеу және ғылыми айналымға енгізу, археологиялық әрі жазба деректерді пәнаралық интеграциялау, сондай-ақ мұражай ісіне цифрлық технологияларды енгізудің өзекті мәселелері талқыланды.
Басқа жаңалықтар