«Жасыл экономика және тұрақты даму қағидаттары» тақырыбында лидерлік лекция
2026 жылғы 21 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінің экономика кафедрасында PhD, аға оқытушы Г.К. Иляшова мен оқытушы П.Н. Сырбектің ұйымдастыруымен «Жасыл экономика және тұрақты даму қағидаттары» тақырыбында лидерлік лекция өткізілді.
Іс-шараға «Цифрлық экономика» білім беру бағдарламасының 1-курс орыс тобы және 2-курс қазақ тобының студенттері қатысты. Лидерлік лекцияның негізгі мақсаты – студенттерге жасыл экономика мен тұрақты дамудың мәнін түсіндіру, олардың күнделікті өмірдегі, бизнестегі және қоғамдағы рөлін көрсету, сондай-ақ экологиялық жауапкершілік пен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттарын насихаттау.
Лекция барысында студенттерге «жасыл экономика» және «тұрақты даму» ұғымдарының мазмұны түсіндіріліп, олардың қазіргі экономикалық даму жағдайындағы маңызы қарастырылды. Экономикалық өсуді қамтамасыз ету кезінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру арасындағы өзара байланысқа ерекше назар аударылды.
Лекция аясында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, қалдықтарды азайту және қайта өңдеу, жауапты тұтыну, экологиялық таза технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасыл экономика қағидаттарының бизнес пен кәсіпкерлік қызметке ықпалы, жасыл технологиялар мен инновациялардың жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырудағы рөлі қарастырылды.
Студенттермен тұрақты дамуға әрбір адамның күнделікті әрекеттері арқылы үлес қоса алатыны талқыланды. Су мен электр энергиясын үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, бір рет қолданылатын өнімдерді тұтынуды азайту және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау сияқты қарапайым әрекеттердің маңызы атап өтілді.
Бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру тұрғысынан ерекше маңызға ие. Атап айтқанда, ол ТДМ 6 «Таза су және санитария», ТДМ 7 «Қолжетімді және таза энергия» және ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсаттарымен тікелей байланысты. Су ресурстарын тиімді пайдалану, суды үнемдеу және су ресурстарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық таза энергетикаға көшу мәселелеріне назар аударылды. Климаттың өзгеруінің әлеуметтік-экономикалық салдары, парниктік газдар шығарындыларын төмендету және климаттың өзгеруіне бейімделу қажеттілігі талқыланды.
Қорытындылай келе, «Жасыл экономика және тұрақты даму қағидаттары» тақырыбындағы лидерлік лекция студенттердің қазіргі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелер туралы білімдерін кеңейтуге бағытталған маңызды тәрбиелік-білім беру іс-шарасы болды. Лекция аясында қарастырылған мәселелер болашақ мамандардың тұрақты даму қағидаттарына негізделген экономикалық ойлауын қалыптастыруға және экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Басқа жаңалықтар