ҚазҰУ-да жалын құрылымы бойынша ХІ халықаралық семинар өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да жалын құрылымы бойынша ХІ халықаралық семинар өтті

22 қыркүйек 2026
ҚазҰУ-да жалын құрылымы бойынша ХІ халықаралық семинар өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жалын құрылымы бойынша ХІ халықаралық семинар өтті. Аталған жиын елімізден және шетелдерден келген ғалымдар мен мамандар және жас зерттеушілердің басын қосты. 

Семинар жану процестері саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерге арналған халықаралық ғылыми жиындардың көпжылдық дәстүрін жалғастырады. Семинардың тарихы 1983 жылдан бастау алады. Сол жылы Новосібір қаласында газ жалынының құрылымы бойынша Бүкілодақтық семинар алғаш рет өткен. 

Шараның ашылуында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық қызмет жөніндегі проректор Алина Галеева энергетикалық қауіпсіздік, жаңа отын түрлері, экологиялық таза технологиялар, өрт қауіпсіздігі және функционалдық материалдар салаларындағы зерттеулердің ғылыми әрі практикалық маңызына тоқталды. «Бұл семинар жаңа ғылыми идеялардың пайда болуына, бірлескен зерттеулердің дамуына және Қазақстан мен шетелдік ғылыми орталықтар арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал етеді деп сенемін», – деді Алина Галеева. Сондай-ақ проректор ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және жас зерттеушілерді әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Сонымен қатар семинарда химия ғылымының докторы, профессор, Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі Зұлхайыр Мансұров сөз сөйледі. «Жалын құрылымы мен жану процестерін зерттеудің заманауи эксперименттік және сандық әдістеріне ерекше назар аударылады. Семинар ғылыми пікірталастар, идеялар алмасу және жаңа байланыстар орнату үшін қолайлы орта қалыптастырады деп сенеміз», – деді профессор.

24 қыркүйекке дейін жалғасатын семинар бағдарламасына пленарлық және ауызша баяндамалар, сондай-ақ постерлік презентациялар енгізілген. Қатысушылар ламинарлық және турбуленттік жалынның құрылымын, химиялық кинетиканы, баламалы отын түрлерін, энергетикалық материалдарды, детонациялық және микрожануды, күйе мен нанобөлшектердің түзілуін, қалдықтарды қайта өңдеуді, модельдеуді және заманауи эксперименттік әдістерді талқылайды. Ауқымды шараның тақырыптық бағыты БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда таза энергияны дамыту, инновацияларды қолдау, жауапты өндіріс және халықаралық әріптестік қағидаттарымен үндеседі.

Семинарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Жану проблемалары институты, В.В.Воеводский атындағы РҒА СБ Химиялық кинетика және жану институты мен С.С.Кутателадзе атындағы РҒА СБ Жылу физикасы институты бірлесіп ұйымдастырды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі