Ректор журналистермен жүздесті — ҚазҰУ

Ректор журналистермен жүздесті

22 қыркүйек 2026
Ректор журналистермен жүздесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры Дулат Әбіш бастаған медиа өкілдерімен ресми кездесу өткізді.

Делегация құрамында «Айғақ» телеарнасының Ұлытау облысындағы меншікті тілшісі Айтқамал Қожырбаев, Түркістан облыстық журналистер одағының мүшесі Аллаберген Ахметов, «Бекет» газетінің бас редакторы Сафуан Өтебаев, мемлекеттік қызмет ардагері Кенбай Наушарбанов, сондай-ақ БАҚ тілшілері мен операторлары бар. 

Басқосуда ҚазҰУ басшысы білім ордасының ғылым, білім және халықаралық ынтымақтастық саласындағы жетістіктерін атап өтіп, медиа саласына білікті кадрлар даярлаудың маңызына тоқталды. Жансейіт Түймебаев заманауи медиакеңістікте бәсекеге қабілетті, цифрлық технологияларды меңгерген және кәсіби жауапкершілігі жоғары мамандарға сұраныс жоғары екенін алға тартты. Сонымен қатар ректор қонақтарға университетті дамытудың стратегиялық жоспарын таныстырып, жаңадан бой көтеретін оқу корпустары мен жатақханалар құрылысы жөнінде әңгімеледі.

Өз кезегінде «Айғақ» ТРК бас директоры Дулат Әбіш жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы серіктестікті дамытудың маңыздылығын тілге тиек етіп, журналистика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік білдірді.

Кездесу аясында Жансейіт Түймебаев «Айғақ» телеарнасының «Тәуелсіздіктің 35 жылдығы» арнайы жобасына сұхбат берді. Университет басшысы ел астанасын Алматыдан Астанаға көшірудің тарихи кезеңдеріне тоқталып, мемлекеттік протокол мен дипломатиялық қызметтің қалыптасу жолын сөз етті. Сонымен қатар Ресейдегі және Түркиядағы елшілік жылдарындағы геосаяси келіссөздер, Түркістан облысының алғашқы әкімі ретінде көне шаһарды қайта түлетудің алғашқы қадамдары туралы естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, ректор Білім және ғылым министрі қызметіндегі стратегиялық реформалардың маңызын саралап, тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім мен ғылымның даму динамикасын бағамдады. Сұхбат соңында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың әлемдік зерттеу университетіне айналу жолындағы ауқымды жобалары туралы айтып, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында жас ұрпаққа арнаған кеңестерін жеткізді.

Шара соңында қонақтарға университет кампусы бойынша арнайы тур ұйымдастырылды. Делегация өкілдері Қашықтықтан зондтау орталығы мен Суперкомпьютер орталығының ғылыми-инновациялық әлеуетін көзбен көрді. Сондай-ақ ҚазҰУ музейі мен Фараби кітапханасын аралап, қара шаңырақтың бай тарихы және заманауи инфрақұрылымымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі