2026 жылғы 4 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультеті эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасында Университеттің және факультеттің стратегиялық жоспарына сәйкес, «Тіл – ұлттың рухани қазынасы» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара өтті. Іс-шараны эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының аға оқытушысы, куратор Арынова Г.А. ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, қазақ тілінің ұлттық және рухани құндылық ретіндегі маңызын түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қоғамдағы, соның ішінде медицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы қолданысының маңыздылығын көрсету болды.
Іс-шараға А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, DBI докторы Төлеева Назым Әділбекқызы, медицина және денсаулық сақтау факультеті деканының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Серикбаева Ж.Т., кафедра меңгерушісі Уалиева А.Е. және «Қоғамдық денсаулық» мамандығының 3 курс студенттері қатысты.
Іс-шараны кафедраның аға оқытушысы Арынова Г.А.ашып, қатысушыларға іс-шараның мақсаты мен міндеттерін таныстырып, қазақ тілінің ұлттық құндылық ретіндегі орнына тоқталып, кіріспе сөз сөйледі.
Факультет деканының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Серикбаева Ж.Т. қатысушыларға құттықтау сөз арнады. Кафедра меңгерушісі Уалиева А.Е. кафедраның тәрбие және білім беру бағытындағы жұмыстарына тоқталды.
Іс-шараның мазмұнды бөлімінде 3 курс студенттері Қазақбай Жаннұр мен Қойшыбай Ұлпан «Тіл – ұлттың рухани қазынасы» тақырыбында презентация ұсынды. Презентация барысында мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі, заңнамалық негіздері, сондай-ақ қазақ тілінің қоғамдағы және медицина саласындағы маңызы қарастырылды.
Сонымен қатар, Төлеева Назым Әділбекқызы «Ұлт қазынасы – тіл» тақырыбында дәріс оқып, тілдің ұлт болмысын қалыптастырудағы рөліне, қазақ тілінің тарихы мен қазіргі қоғамдағы маңызына кеңінен тоқталды.Студенттер мен спикер арасында пікір алмасу және сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Студенттер тақырыпқа қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара қорытындысында студенттер қазақ тілінің ұлттық бірегейлікті сақтаудағы рөлі, мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі және кәсіби қызметте қазақ тілін қолданудың маңыздылығы туралы білімдерін толықтырды.Мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеп, студенттердің ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және қазақ тілін кәсіби ортада қолдануға деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік алаң болды.
Басқа жаңалықтар