- Басты бет
- Жаңалықтар
- Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тұңғыш конгресі: болашақ мамандар үшін маңызды тәжірибе
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тұңғыш конгресі: болашақ мамандар үшін маңызды тәжірибе
2026 жылғы 15 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі қызметкерлерінің тұңғыш Конгресі өтті. Айтулы шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығынажәне еліміздегі санитариялық-бактериологиялық зертханалардың құрылғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Конгресс санитариялық-эпидемиологиялық саланың бүгінгі жетістіктерін саралап, оның даму перспективаларын талқылауға, заманауи сын-қатерлер жағдайында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастыруға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.
Маңызды басқосуға еліміздің әр өңірінен келген 700-ден астам маман - санитариялық-эпидемиологиялық қызмет дәрігерлері, ғалымдар, сала сарапшылары, халықаралық сарапшылар және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қатысты.
Конгреске әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушы-профессорлары мен «Қоғамдық денсаулық» мамандығының 4-курс студенттері де қатысты.Болашақ қоғамдық денсаулық сақтау мамандары - маңызды шараның куәгерлері. Студенттер үшін мұндай ауқымды кәсіби іс-шараға қатысу - теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастырудың, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қазіргі даму бағыттарымен танысудың және өздерінің болашақ кәсіби қызметінің маңызын терең түсінудің үлкен мүмкіндігі. Конгресс барысында студенттер сала мамандарының баяндамаларын тыңдап, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулықты қорғау, зертханалық диагностика және заманауи эпидемиологиялық сын-қатерлер жөніндегі өзекті мәселелермен танысты. Мұндай кәсіби ортаға ерте араласу студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, жаңа білімге ұмтылысын күшейтуге және болашақтағы жауапты қызметіне деген мотивациясын арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі студент - ертеңгі қоғамдық денсаулық сақтау маманы. Сондықтан осындай тарихи әрі кәсіби маңызы зор шараларға олардың қатысуы - сала болашағына салынған маңызды инвестиция.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қоғамдық денсаулық» мамандығының студенттері үшін бұл күн -кәсіби дамуға жаңа серпін берген, тәжірибе мен шабытқа толы ерекше күн болды!
Басқа жаңалықтар