Катар мемлекетінің делегациясы іссапармен келді
ҚазҰУ-ға Орталық банк төрағасы Абдалла бен Сауда Аль-Тани басқарған Катар мемлекетінің делегациясы іссапармен келді. Кездесуде ғылым және білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастық жайы талқыланды.
Құрметті делегация құрамында Қаржылық тұрақтылық департаментінің директоры, Орталық банк кеңсесінің жетекшісі – Шейх Халед бен Сауд Аль-Тани, Катар қаржы орталығының бас директоры – Майкл Райн, осы елдің несиелік бюросының бас директоры – Абдалла Аль-Нуейми, «Масраф Аль-Раяан» банкінің атқарушы директоры – Адель Мустафауи және т.б. болды.
Катар мемлекетінің Орталық банк төрағасы Абдалла бен Сауда Аль-Тани әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетістіктері мен даму қарқынын, білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктері деңгейін жоғары бағалады. Ол әріптестік орнату үшін таңдаудың ҚазҰУ-ға түсуі кездейсоқтық емес екендігін атап өтті. Университет ұлттық рейтингте көшбасшы және әлемнің үздік 300-топ университетінің қатарына кіреді, ҚР Ұлттық банкімен, «Алматы қаласы Аймақтық қаржы орталығы академиясымен» және Париж сауда-өндірістік палатасымен НЕС (Франция) исламдық қаржыландыру сұрақтары бойынша белсенді жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ малайзиялық «Тун Абдул Разак» және индиялық «Амити» университеттерімен бірге исламдық банкинг және қаржы саласында, сонымен қатар қосдиплом бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда.
Шейх Халед бен Сауд Аль-Тани жоғары білікті мамандарды дайындау мақсатында ҚазҰУ-мен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді, сондай-ақ жаңа білім беру бағдарламаларын даярлау және енгізу, академиялық тәжірибе алмасуды дамыту бойынша келісімге қол жеткізілді. Тараптар инновациялық ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру үшін де күш біріктіруге қызығушылықтарын танытты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі