Әлем кубогында қола жүлде тақты — ҚазҰУ

Әлем кубогында қола жүлде тақты

23 қыркүйек 2026
Әлем кубогында қола жүлде тақты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің 1-курс студенті Мәдина Ержан жауынгерлік самбодан өткен Әлем кубогында қола медаль еншіледі.

Байрақты бәсеке 18-20 қыркүйек аралығында Тәжікстанның Душанбе қаласында өтті. Жер шарының ең мықты спортшылары бақ сынаған бәсекеде Қарағанды облысының тумасы Мәдина Ержан 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Ол белдесулер барысында жоғары шеберлік пен жеңіске деген мұқалмас жігерін танытты.

Айта кетейік, Мәдина – самбодан Азияның үш дүркін чемпионы. Ол бұған дейін Манила қаласында өткен Азия және Мұхит аралы елдері чемпионатында барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа таққан еді. Сондай-ақ спортшы 2025 жылдың қараша айында Бішкекте ұйымдастырылған Әлем чемпионатында да қола жүлде иеленген болатын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі