ТДМ 5. Гендерлік теңдік «Түркітану мен лингвистика дамуындағы ғалым әйелдердің үлесі» ғылыми-ағартушылық семинары — ҚазҰУ

ТДМ 5. Гендерлік теңдік «Түркітану мен лингвистика дамуындағы ғалым әйелдердің үлесі» ғылыми-ағартушылық семинары

23 қыркүйек 2026
ТДМ 5. Гендерлік теңдік «Түркітану мен лингвистика дамуындағы ғалым әйелдердің үлесі» ғылыми-ағартушылық семинары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары ТДМ 5: «Гендерлік теңдік» аясында «Түркітану мен лингвистика дамуындағы ғалым әйелдердің үлесі» атты ғылыми-ағартушылық семинарын өткізді. Студенттердің ғылыми-зерттеу белсенділігін арттыру, олардың кәсіби және азаматтық бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл шара БҰҰ-ның 5-Тұрақты даму мақсаты – «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» идеяларын практикалық тұрғыда жүзеге асыруға бағытталған академиялық бастамамен үйлесімді түрде біріктірілді.

      Іс-шараның негізгі тұжырымдамасы «Ғылымдағы теңдік — қоғам дамуының кепілі» қағидатына негізделіп, студенттік және академикалық қауымдастық арасында белсенді қолдау тапты. Семинар барысында отандық және әлемдік түркітану мен лингвистика ғылымының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым әйелдердің ғылыми мұрасы талқыланып, олардың фундаменталды зерттеулері мен ғылыми жаңалықтары кеңінен таныстырылды.

      «Білгенге маржан – ғалымдар мұрасы» деген ашық әрі танымдық бағыт білім алушылар арасында өзара сыйластық, ғылымға деген қызығушылық пен академиялық жанашырлық атмосферасын қалыптастырды. Бұл кездесу гуманитарлық бағытта білім алып жатқан кез келген студентке ғылыми зерттеулердің заманауи тенденцияларын меңгеруге, өз пікірін еркін білдіруге және болашақ кәсіби бағдарын айқындауға мүмкіндік береді.

    Білім алушылар ұйымдастырушылық қабілеттері мен жоғары азаматтық жауапкершіліктерін көрсете білді. Олардың ортақ іске деген жанашырлығы, әлеуметтік белсенділігі мен бастамашылдығы университет қабырғасында сапалы білім алып қана қоймай, гуманистік құндылықтарды ту еткен саналы тұлға ретінде қалыптасып келе жатқанын айқын танытты. Студенттердің бұл қадамы ғылыми мұраға деген шынайы құрметтің және университеттің ішкі академикалық мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті.

      Өткізілген іс-шара студенттердің білім деңгейін саралап қана қоймай, әлеуметтік және ғылыми ынтымақтастықты арттырып, Тұрақты даму мақсаттарын университет деңгейінде нақты іс жүзінде жүзеге асырудың жарқын үлгісі болды.

     Ұйымдастырушылар: түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісінің тәрбие және оқу әдістеме жөніндегі орынбасары Кудьярова Шолпан Таубаевна, кафедра аға оқытушысы Кайбулдаева Аксауле Зауытбековна, «6B02305 – Түркітану» және «6B01705 – Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламаларының 3-4 курс студенттері.