Студенттерге арналған Mock Interview өтті
2026 жылғы 23 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің кәсіби және мансаптық дағдыларын дамытуға бағытталған Mock Interview - сұхбат жаттығуы өтті.
Іс-шара KazLAE алаңында ұйымдастырылып, студенттерге нақты жұмыс сұхбатына дайындалып, жұмыс берушінің көзімен сұхбат процесіне қарауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында студенттер ірі компаниялардағы сұхбатқа дайындалу, өзін кәсіби түрде таныстыру, жұмыс берушінің назарын аудару және күрделі сұрақтарға сенімді жауап беру жолдарын талқылады. Сонымен қатар сұхбат кезінде жиі жіберілетін қателіктер мен тәжірибесі аз кандидаттардың өз құндылығын дұрыс көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шараның спикері - Сапуанова Акерке, қазақстандық стартап секторында, квазимемлекеттік секторда және халықаралық қоғамдық қорда бірнеше жыл жұмыс істеген кәсіби маман. Қазіргі уақытта ол фандрайзинг және ірі компаниялармен серіктестік орнату бағытында қызмет атқарады.
Кездесу ашық форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спикердің практикалық кеңестерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болды.
Mock Interview студенттерге болашақ тағылымдамаға, алғашқы жұмыс орнына және кәсіби сұхбаттарға дайындық барысында қажетті практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар