Кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктері: Teach For Kazakhstan өкілдерімен кездесу
2026 жылғы 24 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде 4-курс студенттерінің Teach For Kazakhstan жобасының өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шара ҚазҰУ-дың Кәсіби даму және мансап офисінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Teach For Kazakhstan өкілдері студенттерді жобаның негізгі мақсаттары мен бағыттарымен таныстырып, жас мамандардың білім беру саласындағы бастамаларға қатысу, кәсіби және тұлғалық даму, сондай-ақ білім беру саласында мансаптық траектория құру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Кездесуде жас мамандардың білім сапасын арттырудағы рөліне, көшбасшылық құзыреттерін дамытуға және заманауи оқыту тәсілдерін енгізуге ерекше назар аударылды. Студенттер бағдарламаға қатысу шарттары, іріктеу кезеңдері, кәсіби қолдау мүмкіндіктері және болашақ мансаптық перспективалар туралы толық мәлімет алды.
Іс-шараны География және табиғатты пайдалану факультеті деканының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Шакен А.Ш. және География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Қадылбек М.К. Кәсіби даму және мансап офисімен бірлесе ұйымдастырды.
Мұндай кездесулер университет пен кәсіби қауымдастық арасындағы өзара байланысты нығайтып, студенттерге оқу кезеңінің өзінде заманауи мансаптық мүмкіндіктермен, әлеуметтік маңызы бар жобалармен және болашақ кәсіби қызмет бағыттарымен танысуға мүмкіндік береді.
.jpeg)
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үндеседі және ең алдымен ТДМ 4 «Сапалы білім» мақсатының жүзеге асуына үлес қосады. Сонымен қатар кездесу жастардың кәсіби бағдарлануы мен еңбек нарығына бейімделуіне ықпал ете отырып, ТДМ 8 «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», сондай-ақ университет пен білім беру бастамалары арасындағы серіктестікті дамыту арқылы ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» мақсаттарына сәйкес келеді.
Кездесу соңында студенттер Teach For Kazakhstan өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жобаға қатысу және әрі қарай кәсіби даму бойынша қажетті кеңестер алды.
Басқа жаңалықтар