- Басты бет
- Жаңалықтар
- Бирмингем университетінің профессоры Дженни Вонгтың алғашқы дәрісі өтті: Британияның жоғары білім беру жүйесі мен халықаралық тәжірибе
Бирмингем университетінің профессоры Дженни Вонгтың алғашқы дәрісі өтті: Британияның жоғары білім беру жүйесі мен халықаралық тәжірибе
2026 жылғы 21 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінде Ұлыбританиядағы беделді Бирмингем университетінің (University of Birmingham) қауымдастырылған профессоры, PhD Дженни Вонгтың (Jenny Wong) халықаралық дәрістер циклинің алғашқы күні жоғары деңгейде өтті.
Ашылу дәрісі барысында шетелдік ғалым британдық жоғары білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері, академиялық зерттеу стандарты, сондай-ақ Ұлыбританияда білім алу мен өмір сүрудің практикалық және әлеуметтік-мәдени аспектілері туралы тұшымды әрі мазмұнды ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ дәрісте заманауи лингвистикалық зерттеулердің негізгі бағыттары мен академиялық бейімделу мәселелері кеңінен сөз болды.

Интерактивті форматымен ерекшеленген кездесуде студенттер, магистранттар мен докторанттар шетелдік профессормен ашық пікір алмасып, ғылыми-академиялық ұтқырлық, гранттық бағдарламалар мен халықаралық зерттеу әдістемелері төңірегінде өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауап алды. Шара білім алушылардың халықаралық академиялық кеңістікке деген қызығушылығын арттырып, оларға соны көзқарас пен тың тәжірибе сыйлады.
Білім мен тәжірибеге толы бұл дәрістер цикли апта бойы өз жалғасын табады.
Ұйымдастырушылары: филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Ә. Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығының директоры С.Б. Бектемирова, түркітану және тіл теориясы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Н.А. Исмаилова.
Басқа жаңалықтар