ҚазҰУ қытайлық делегациямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Бейжің педагогикалық университетінің вице-президенті Ван Шоуцзюнь бастаған делегациямен ресми кездесу өтті.
Қонақтар алдымен ҚазҰУ мұражайында болып, университеттің тарихы және заманауи жетістіктерімен танысты.

Келіссөз барысында оқу орнының ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың Қытайдың жетекші педагогикалық университеттерінің бірімен әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл әріптестік бірлескен ғылыми жобаларға, академиялық алмасуларға, сондай-ақ IT және жасанды интеллект бағытындағы бастамаларға қуатты серпін береді.

Өз кезегінде Ван Шоуцзюнь екі тарап арасындағы ғалымдар, оқытушылар мен студенттер алмасуын кеңейтуге ерекше мән берді. Делегация басшысы білім беру мен өңірлік зерттеулер саласындағы ортақ жобаларды жүзеге асыруға толық дайын екенін мәлімдеді.

Келіссөз барысында тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша пікір алысты. Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ ұзақ мерзімді академиялық және ғылыми серіктестікті өзара жан-жақты дамытуға уағдаласты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар