Қолдауға лайық жаңа бастамалар

7 қыркүйек, 2016

ҚазҰУ-да ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың Мемлекеттік Бағдарламасы (ары қарай Бағдарлама) аясында студенттер дайындап жатқан ғылыми-технологиялық жобалармен ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Светлана Бычкова танысып қайтты.

ҚазҰУ «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Ақпараттық технологиялар» мамандықтары бойынша инженерлік-техникалық кадрлар дайындауға белсенді атсалысып жатқандығын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар Бағдарлама талаптары мен халықаралық стандарттарға сай техника мен технологиялар саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Депутат жұмыс сапары барысында заманауи құрылғылармен жабдықталған ҚазҰУ зертханаларын аралады. Жас ғалымдар автоматты инженерлік есептеу саласында қолданылатын ANSYS соңғы элементтік талдаудың әмбебап бағдарламалық жүйесі мен бірқатар басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарын көрсетті.

Мәжіліс депутаты техника ғылымдарының докторы Бауыржан Белгібаевтің бастамасымен жүзеге асып жатқан агро жобаға ерекше қызығушылық танытты. «Жоба көп қаржыны қажет етпейді және ең бастысы оны ауыл шаруашылығын дамытуға жаппай еңгізуге болады. Ол шағын және орта бизнес үшін, сонымен қатар республиканының аграрлы-өнеркәсіптік кешеніне өте тиімді», – деді Светлана Бычкова.

Сондай-ақ Светлана Федоровна IAESTE бағдарламасымен (техникалық мамандықтар бойынша студенттермен алмасу ассоциациясы) ҚазҰУ-ға келген студенттердің жобаларымен танысты. Польшадан, Оңтүстік Корея мен Испаниядан келген жас ғалымдар орбитадағы жиілік мағлұматтарды жинауға арналған наноспутниктердің моделін құрастыруда. «Біз зерттеу жұмысымызда университет ұсынған сенсорлар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданамыз. Бұл біздің алғашқы тағылымдамамыз. Келесі тағылымдаманы да ҚазҰУ-да жалғастырамыз деп үміттенеміз», – деді Оңтүстік кореялық Донгук университетінің студенті Ким Сан Хён.

«ҚазҰУ-да ғылыми шығармашылықты дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Университеттің талантты әрі дарынды студенттерінің барлығы ғылыми-зерттеу жұмысына жұмылдырылғандығы мені қатты қуантты», – деп Светлана Федоровна жас ғалымдарға алғыс айтып, алдағы уақытта студенттік жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

 

 

Анвар Ушуров

ҚазҰУ Баспасөз қызметі