Қазақ ұлттық университетіне Чехияның премьер-министрінің экс-кеңесшісі, танымал журналист Матиаш Зрноның басшылығымен Чех және Словакия Республикаларының делегаттары келді.
Университеттердің жастар ұйымдары арасында бірлескен әлеуметтік және ғылыми жобаларды дамыту, сонымен қатар «Erasmus Plus» бағдарламасы аясында ғылыми-білім беру саласында әріптестік орнату сапардың басты мақсаты болды.
«Бірлескен күш-жігер мен студенттердің сарқылмайтын шығармашылық мүмкіндіктерінің арқасында, біздің университеттер өзекті халықаралық жобаларды жүзеге асыра алады. ҚазҰУ-да табысты оқу мен белсенді студенттік өмір үшін барлық жағдайлар жасалған. Соңғы үш жылда үйірмелерге қатысатын студенттердің саны 2,5 есе артқан. Бұл дегеніңіз 10 мыңнан астам студент. Бүгінде университетте шығармашылық және зияткерлік әлеуетті көтеруге бағытталған 300-ге жуық үйірмелер мен клубтар қызмет етеді», – деді бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев.
Делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктері мен даму қарқынын, студенттердің көшбасшылық қасиеттерін, сонымен қатар олардың білімі мен ғылыми-зерттеу әлеуетін жоғары бағалады.
Шетелдік қонақтар Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы презентация мен студенттердің қатысуымен жүзеге асырылатын халықаралық жобаларға деген жаңашыл көзқарасқа ерекше қызығушылық танытты
«Ассамблея барлық ұлт өкілдерінің мүддесін біріктіріп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделін ұсынады. Бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтауда Қазақстанның тәжірибесі әлемнің көптеген мемлекеттеріне үлгі болуы керек», – деді жастардың христиандық-демократиялық ұйымының бас хатшысы Лукаш Янэчек.
«ҚазҰУ белсенді жастардың тұрақты дамудың көптеген мәселелерін шешуде БҰҰ-ның моделі «New Silk Way», «G-global» платформасы мен «Green Bridge» сияқты жасампаз ойларын жүзеге асыруға болатын мүмкіндіктер алаңы», – деп ҚазҰУ студенті Гаухар Нұрша ойымен бөлісті.
Кездесу соңында белсенді жастар Чехия мен Словакияның студенттеріне ҚазҰУ қалашығында экскурсия ұйымдастырды. Шетелдік қонақтар «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығымен, Орталық Азиядағы ең ірі ғылыми кітапханамен, әл-Фараби мұражайымен, спорт кешені мен басқа да инфрақұрылымдық ғимараттардың қызметімен танысты.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі