Шетелдік архивтердегі қазақ ойшылдарының араб тілді деректері талқыланды — ҚазҰУ

Шетелдік архивтердегі қазақ ойшылдарының араб тілді деректері талқыланды

23 қыркүйек 2026
Шетелдік архивтердегі қазақ ойшылдарының араб тілді деректері талқыланды

 

2026 жылғы 23 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде «Шетелдік архивтердегі қазақ ойшылдарының араб тілді деректері» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Іс-шараға Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Малайя университетінен (University of Malaya) келген зерттеуші-ғалымдар, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – шетелдік архивтер мен қолжазба қорларында сақталған араб тіліндегі тарихи және ғылыми деректерді ғылыми айналымға енгізу мәселелерін талқылау, қазақ ойшылдарының рухани және ғылыми-философиялық мұрасын зерттеудегі олардың маңызын айқындау, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.

Шетелдік архивтердегі қазақ ойшылдарына қатысты араб тілді деректер Қазақстанның ортағасырлық және жаңа заман тарихын зерделеуде ерекше ғылыми құндылыққа ие. Мұндай дереккөздер Ұлы Дала аумағында қалыптасқан ғылыми, діни, философиялық және мәдени үдерістер туралы тың мәліметтер беріп қана қоймай, қазақ даласынан шыққан ғұламалардың идеялық мұрасын кең тарихи-мәдени контексте қарастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында араб тіліндегі қолжазбалар мен жазба деректерді іздеу, жинақтау, жүйелеу, аудару және ғылыми тұрғыдан сараптау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар шетелдік архивтер мен кітапханалардағы сирек кездесетін деректерді цифрландыру, оларды отандық ғылыми айналымға енгізу және жас зерттеушілердің осы бағыттағы ізденістерін қолдау мәселелері сөз болды.

Қатысушылар қазақ ойшылдарының мұрасын зерттеуде пәнаралық тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Тарих, философия, мәдениеттану, дінтану, шығыстану және архивтану салаларының өзара ықпалдастығы араб тіліндегі деректердің мазмұнын жан-жақты ашуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Дөңгелек үстел барысында Малайя университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары арасында ғылыми пікір алмасу өтіп, ортақ зерттеу бағыттары талқыланды. Қатысушылар шетелдік архивтерде сақталған деректерді бірлесіп зерттеу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу, тәжірибе алмасу және жас ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша өзара пікірлерін білдірді.

Іс-шара барысында білім алушылар да белсенділік танытып, қазақ ойшылдарының мұрасын зерттеудің заманауи әдістері, араб тілді деректердің ерекшеліктері және шетелдік архивтермен жұмыс істеу тәжірибесіне қатысты сұрақтар қойды. Бұл өз кезегінде жастардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыруға ықпал етті.

Ғылыми-танымдық кездесу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтуға, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жаңа деректік негізде зерделеуге бағытталған маңызды қадам болды.

Араб тіліндегі шетелдік архивтік деректерді зерттеу – қазақ халқының ғылыми, философиялық және рухани мұрасын тереңірек танып, оны халықаралық ғылыми кеңістікте насихаттаудың маңызды бағыттарының бірі.