- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ студенті ғылыми-зерттеу және халықаралық қызмет бағытында жаңа жетістіктерге жетуде
ҚазҰУ студенті ғылыми-зерттеу және халықаралық қызмет бағытында жаңа жетістіктерге жетуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Раим Уразаев оқуын ғылыми-зерттеу, халықаралық байланыстар және қоғамдық қызметпен ұштастырып, жастар бастамаларын дамытуға белсенді атсалысып келеді.
Талдықорған қаласының тумасы Райым Уразаев мектеп қабырғасында жүрген кезінен республикалық ғылыми және жастар жобаларына қатысып, қоғамдық бағыттағы бастамаларға белсенді араласқан. Ол мектепті үздік аттестатпен аяқтап, кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білімін жалғастырды.
2024 және 2025 жылдары Райым Уразаев екі рет «Елдің үздік студенті» атанып, сондай-ақ екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясының иегері болды. 2023 жылы халықаралық олимпиадада қола жүлдеге ие болса, 2026 жылы халықаралық олимпиада жүлдегері атанды.
Жас зерттеушінің ғылыми қызығушылықтарының бірі – Алматы метрополитені. Оның ғылыми-зерттеу жұмысы Қазақстанда бұған дейін арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылмаған тақырыптардың біріне арналған. Ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ол студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары арасындағы республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Райым Уразаев ғылыми монографияның тең авторы болып табылады.
Райым Уразаев халықаралық қатынастар, дипломатия, ғылым және жастар саясаты бағыттарында да белсенді жұмыс жүргізуде. Ол «Jastar Senaty» жастар платформасының қызметіне қатысып, Қазақстанның 20 өңірін қамтитын бастамалар аясында волонтерлік, дипломатия, жастар саясаты және қоғамдық қызмет бағыттарын дамытуға үлес қосып келеді.
2026 жылғы тамыз айында ол дипломатиялық корпус, бизнес және медиа өкілдерін біріктірген Diplomatic Business Forum жұмысына қатысты. Сонымен қатар дипломаттар, елшілер, министрлер мен депутаттардың қатысуымен өтетін түрлі халықаралық форумдар мен саммиттерге тұрақты түрде қатысып келеді.
Қазіргі уақытта Райым Уразаев «Kazakhstan Agency for the Development of Youth Diplomacy» ұйымының атқарушы директоры қызметін атқарады. Ұйым жастар дипломатиясын және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ жас буынға халықаралық қатынастар саласында практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруге бағытталған.
Басқа жаңалықтар