ҚазҰУ-да халықаралық экобелсенділер мектебі ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық экобелсенділер мектебінің ашылу салтанаты өтті. Ауқымды шараға қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, экологиялық қауымдастықтар мен бастамашыл топтардың өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Жиынның ашылу рәсімінде ҚазҰУ-дың Стратегиялық даму орталығының директоры Жандос Байжұма, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманова, Қазақстандағы «Россотрудничество» өкілі Елена Кислицына, жоба бағдарламасының директоры Екатерина Олейник және «ЭКА» қозғалысының директоры Елена Горохова қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеп, мектептің негізгі мақсаттары мен бағыттарын таныстырды.

Оқу бағдарламасы дәрістер мен тәжірибе алмасудан бастап, практикалық волонтерлік жұмыстарды түгел қамтиды. Қатысушылар сарапшылардың жетекшілігімен қалалық экологиялық қауымдастықтарды дамыту, жасыл бастамаларды ұйымдастыру, тұрғындармен тиімді жұмыс жүргізу және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асырудың заманауи тәсілдерін меңгереді. Дәріс беруге қоғамдық ұйым өкілдері, экожоба жетекшілері мен әлеуметтік кәсіпкерлік саласының белгілі мамандары тартылған.

Оқу барысында жинақтаған білімдерін қатысушылар бірден практикада қолданады. Олар Бас ботаникалық бақта жасыл рейнджерлермен бірге келушілерге арналған танымдық-экологиялық іс-шаралар өткізсе, EcoFermer агрокешені мен «Бұтақты» визит-орталығында табиғи аумақтардағы волонтерлік жұмыстарға қатысады. Оқыту курсы 29 қыркүйекте Бас ботаникалық бақта өтетін қорытынды экологиялық акциямен және белсенділерді марапаттау рәсімімен аяқталады.

Сондай-ақ алдағы уақытта қатысушыларға жаңа қауымдастықтар құруға арналған арнайы онлайн-курс пен қалалық экологиялық іс-шаралар байқауына қатысуға мүмкіндік беріледі. Жоба Президенттік гранттар қоры, «Россотрудничество», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Қарағаш» қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар