Абайдың «Толық адам» концепциясы: экологиялық жауапкершілік және табиғат алдындағы парыз — ҚазҰУ

Абайдың «Толық адам» концепциясы: экологиялық жауапкершілік және табиғат алдындағы парыз

10 қыркүйек 2026
Абайдың «Толық адам» концепциясы: экологиялық жауапкершілік және табиғат алдындағы парыз

  10 қыркүйек 2026 жылы География және табиғатты пайдалану факультетінде Абайдың «Толық адам» концепциясына негізделген «Толық адам және экологиялық жауапкершілік: табиғат пен қоғам алдындағы парыз» атты кездесу өтті. Іс-шараны факультеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Сакенова Айгерім Нұрланқызы өткізді. Кездесудің мақсаты – студенттерге Абайдың адамгершілік қағидаларын таныстырып, экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіру.

  Кездесу барысында Абай шығармаларындағы ақыл, қайрат, жүрек ұғымдары және олардың үйлесімі арқылы қалыптасатын толық адам идеясы талқыланды. Сонымен қатар табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану әр адамның адамгершілік әрі азаматтық жауапкершілігі екені айтылды. Студенттер тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімділікті сақтау жолдарын талқылады.

  Іс-шара студенттердің рухани құндылықтарын нығайтып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды. Абайдың «Толық адам» идеясы – саналы, жауапты әрі ізгі тұлға қалыптастыруға үндейтін құндылық, ал табиғатты қорғау – осындай тұлғаның қоғам мен болашақ алдындағы маңызды парызы.