- Басты бет
- Жаңалықтар
- География және табиғатты пайдалану факультетінде Tsukuba университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ақпараттық семинар өтті
География және табиғатты пайдалану факультетінде Tsukuba университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ақпараттық семинар өтті
2026 жылғы 28 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Академиялық ұтқырлық — University of Tsukuba, Жапония» тақырыбында ақпараттық семинар өтті.

Іс-шара шетелде білім алуға және халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға қызығушылық танытқан бакалавриат студенттеріне арналды.
Семинар спикерлері — метеорология және гидрология кафедрасының PhD, доцент-зерттеушісі Абдуллаева Әсел Сәбитқызы және University of Tsukuba университетінде академиялық алмасу бағдарламасы бойынша білім алып келген 4-курс студенті Дүйсенбиев Олжас Ерсаинұлы болды.
Семинардың алғашқы бөлімінде Әсел Сәбитқызы студенттерді Жапониядағы мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі — University of Tsukuba университетіндегі академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерімен таныстырып, бағдарламаға қатысудың негізгі кезеңдерін түсіндірді. Әсіресе университет тарапынан кандидатураны ұсыну, қажетті құжаттарды дайындау, электрондық өтінім беру жүйесі және Certificate of Eligibility құжатын рәсімдеу тәртібіне ерекше назар аударылды.
.jpeg)
Қатысушыларға өтінім беру мерзімдері де таныстырылды. Атап айтқанда, 2027 жылғы сәуір айында оқуды бастау үшін университет тарапынан кандидатураларды ұсыну мерзімі 2026 жылғы 1–30 қыркүйек аралығы, ал электрондық өтінім берудің соңғы күні — 2026 жылғы 10 қазан екені айтылды. 2027 жылғы қазан айында оқуды бастауға арналған өтінім беру кезеңдері 2027 жылғы ақпан–наурыз айларына жоспарланған.
Кездесу барысында бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар, оқу жоспарын қалыптастыру ерекшеліктері, ҚазҰУ-ға оралғаннан кейін кредиттерді қайта есептеу мүмкіндігі, сондай-ақ Exchange Student және Exchange Research Student мәртебелерінің айырмашылықтары түсіндірілді. Бағдарлама University of Tsukuba университетінде бір немесе екі семестр білім алуға мүмкіндік береді, ал алмасу студенттері үшін негізгі бағыт — оқу пәндерін меңгеру.
Семинардың жеке бөлімі қаржылық мәселелерге арналды. Студенттерге JASSO стипендиясына өтінім беру мүмкіндігі, конкурс талаптары және қаржылық шығындарды алдын ала жоспарлау қажеттілігі туралы ақпарат берілді. Жоғары академиялық көрсеткіштің өзі бұл стипендияны алуға кепілдік бермейтіні де атап өтілді.
.jpeg)
Семинардың практикалық бөлігінде Дүйсенбиев Олжас Ерсаинұлы 2026 жылғы сәуір–тамыз айлары аралығында University of Tsukuba университетінде Academic Exchange Program бағдарламасы бойынша білім алған жеке тәжірибесімен бөлісті.
Ол бағдарлама іздеу, Study Plan дайындау, оқу пәндерін таңдау, университеттік номинация алу және құжат тапсыру кезеңдері туралы баяндады. Сонымен қатар ағылшын тілін білу деңгейі мен академиялық үлгерімнің маңыздылығына тоқталды. Оның өтінім беру кезіндегі көрсеткіштері GPA — 3,74/4,00 және IELTS — 7,0 болған.
Студенттердің ерекше қызығушылығын Жапониядағы күнделікті өмірге қатысты мәселелер тудырды. Спикер университет жатақханасында тұру, қаржылық жоспарлау және JASSO стипендиясы туралы тәжірибесімен бөлісті. Оның таныстырылымында University of Tsukuba шетелдік студенттерге жатақханадан орын ұсынатыны, оның құны шамамен айына 23 000–44 000 иен, ал JASSO стипендиясы тағайындалған жағдайда оның мөлшері шамамен айына 80 000 иен болатыны көрсетілді.
Сондай-ақ Жапониядағы оқу процесінің ерекшеліктері қарастырылды. Студенттер оқу пәндерін өздері таңдап, жеке сабақ кестесін қалыптастырады. Бағалау жүйесі апта сайынғы тапсырмалардан, есептерден, жобалардан, презентациялардан, тесттерден және қорытынды емтихандардан құралуы мүмкін.
Кездесу соңында студенттерге халықаралық бағдарламаларға алдын ала дайындалу бойынша практикалық ұсыныстар берілді: GPA деңгейін жоғары ұстау, ағылшын тілін жетілдіру, IELTS емтиханына алдын ала дайындалу, серіктес университеттердің бағдарламаларын өз бетінше тұрақты бақылау және құжат тапсыру мерзімдерін жіберіп алмау.
.jpeg)
Өткізілген семинар студенттерге University of Tsukuba университетіндегі академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу шарттары туралы жан-жақты ақпарат алуға, бағдарламадан өткен студенттің нақты тәжірибесімен танысуға, қызықтырған сұрақтарын қоюға және Жапонияда білім алуға дайындық бойынша практикалық кеңестер алуға мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар