- Басты бет
- Жаңалықтар
- ТДМ 17: «Тұрақты даму жолындағы серіктестік» – «Өр Алтай – түркілердің атамекені» III Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы
ТДМ 17: «Тұрақты даму жолындағы серіктестік» – «Өр Алтай – түркілердің атамекені» III Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы
2026 жылғы 25-26 қыркүйек аралығында Бурабай төрінде (Rixos Borovoe) БҰҰ-ның 17-Тұрақты даму мақсаты – «Тұрақты даму жолындағы серіктестік» идеялары аясында «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті. Ауқымды іс-шара әлемдік түркітанушы ғалымдардың басын қосып, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен цифрлық кеңістікте жаңғыртудағы халықаралық ғылыми интеграцияның жарқын үлгісіне айналды.

Ғылыми алқалы жиынға Қазақстан, Ресей, Германия, Швеция, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Болгария, Бельгия және АҚШ-ты қосқанда әлемнің 12 елінен 100-ден астам көрнекті ғалымдар қатысты. Конференцияның пленарлық отырысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модерациялап, мемлекет басшыларының құттықтау хаттары оқылды.

Халықаралық серіктестікті нығайтуға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ұжымдары ерекше үлес қосты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев «Еуразиялық кеңістіктегі түркі тілдері» секциясына модераторлық етсе, ЕҰУ ректоры, профессор Ерлан Сыдықов, профессор Нұрила Шаймердинова, PhD доктор Жадыра Айдарбекова және ЕҰУ-нің түрколог-ғалымдары халықаралық деңгейдегі ғалымдардың басын тоғыстыруға зор еңбек сіңірді.
Семинар мен секция жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Раушангүл Әмірдінқызы Авакова қатысып, «Алтай – түркі рухани мұрасының қайнар көзі: көне түркі тілдік дүниетаным және қазіргі цифрлық түркология» тақырыбында баяндама жасады. Профессор Раушангүл Әмірдінқызы Авакова өз сөзінде көне түркі тілдік мұрасын сақтау мен зерттеудегі халықаралық (Түркия, Германия) және отандық (ҚазҰУ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ЕҰУ) ғылыми ынтымақтастықтың маңызын саралады. Баяндамада көне мұраны тек дәстүрлі тәсілдермен шектемей, заманауи халықаралық IT-технологиялар (CLDR, корпус лингвистикасы, AI, 3D сканерлеу) арқылы "Digital Turkology" форматына көшірудің жаһандық әрі серіктестік алгоритмдері ұсынылды.
Өткізілген конференция әлемдік ғылыми қоғамдастық пен жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды бекемдеп, ТДМ 17 шеңберіндегі халықаралық ғылыми серіктестіктің берік негізін қалады.
Ұйымдастырушылар мен негізгі серіктестер: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасы), халықаралық және отандық ғылыми-зерттеу орталықтары.
Басқа жаңалықтар