ХҚФ студенттері ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдауда

9 қыркүйек, 2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өткізген дөңгелек үстелде идеяның пайда болуынан бастап, еліміздің қазіргі бастамаларына дейінгі ядролық қарусыздану мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азиядағы Превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының басшысы Петко Драганов мырза, Қазақстандағы БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаменті жетекшісі Властимил Самек, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш Тұрақты өкілі, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры Арыстанбекова А.Х., «Полигон 29 тамыз» Қоғамдық қорының Басшысы Бозтаев Н.К., сонымен қатар, дипломатиялық корпус, ҮЕҰ, академиялық қауымдастық өкілдері, халықаралық қатынастар факультетінің мұғалімдері мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел қатысушыларына университеттің бірінші проректоры Бүркітбаев М.М. және Властимил Самек алғы сөздерін айтты.

Петко Драганов өз сөзінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында дипломатиялық келіссөздер жүргізудің тәжірибелік жақтарын талқыға салды. Дипломаттың айтуынша, мемлекеттердің өзара ашық болуы және қарусыздану мәселелерін қарастыруға дайындығы келіссөздердің сәтті өтуіне негіз болады.

Қазақстанның БҰҰ-дағы анти-ядролық саясатының қалыптасуына тікелей қатысқан Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызының баяндамасы аса қызықты болды. Ол қатысушыларға БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыс беру кезінде көпшіліктің қолдауына ие болған Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісім бекітілуінің қыр-сырларын айтып берді.

Дөңгелек үстел талқылаулары барысында білім беру жұмыстары мен Қазақстан жастарын белсенді қатыстыру арқылы, ядролық қару қолданысын тоқтатудағы академиялық қауымдастықтың айрықша рөлі және мүмкіндіктері айқындалды. Халықаралық қатынастар факультетінің студенту Қайым Сұлтанбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерін насихаттау бойынша тұрақты пікірталастар алаңын құру идеясын алға тартты.

Дөңгелек үстел белсенді пікір алмасулармен, қатысушы қонақтардың ұсыныстарымен және түсініктемелерімен аяқталды.

 

 

Кәрімжан Шәкіров – халықаралық қатынастар

факультетінің деканы

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ