ҚазҰУ-да «Жалын құрылымы» XI халықаралық семинары өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да «Жалын құрылымы» XI халықаралық семинары өтті

29 қыркүйек 2026
ҚазҰУ-да «Жалын құрылымы» XI халықаралық семинары өтті

2026 жылғы 22–24 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Жалын құрылымы» XI халықаралық семинары (11th International Seminar on Flame Structure – 11ISFS) өтті.
Семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Жану проблемалары институты, РҒА СБ В.В. Воеводский атындағы Химиялық кинетика және жану институты және РҒА СБ С.С. Кутателадзе атындағы Жылу физикасы институтының бірлесуімен ұйымдастырылды. 
Халықаралық ғылыми іс-шараға 100-ден астам ғалым, маман және жас зерттеуші қатысты. Семинарға Қазақстан, Ресей, Қытай, Германия, Израиль, Беларусь, Сингапур және басқа да елдердің өкілдері қатысты. Сонымен қатар халықаралық ғылыми комитет құрамына АҚШ, Италия және Жапония ғалымдары енді. 
Үш күндік ғылыми бағдарлама аясында 19 пленарлық баяндама, параллельді ауызша секциялар өткізіліп, постерлік сессияда 28 ғылыми жұмыс ұсынылды. Семинар тақырыптары жану процестері мен жалын құрылымын, химиялық кинетиканы, энергетикалық материалдарды, детонациялық процестерді, баламалы отын түрлерін, наноматериалдарды, өрт қауіпсіздігін, сондай-ақ заманауи эксперименттік және сандық зерттеу әдістерін қамтыды. 
Постерлік сессия қорытындысы бойынша ғылыми комитет үш үздік жұмысты анықтап, I, II және III орындармен марапаттады. Семинар жас ғалымдарға, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға өз зерттеу нәтижелерін таныстырып, жетекші ғалымдармен тікелей ғылыми пікір алмасуға мүмкіндік берді.
11ISFS семинары ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультетінің халықаралық ғылыми байланыстарын одан әрі дамытуға маңызды негіз қалыптастырды. Семинар барысында орнатылған байланыстарды бірлескен ғылыми зерттеулер мен жарияланымдар, халықаралық гранттық жобалар, академиялық ұтқырлық, шетелдік ғалымдарды шақыру, сондай-ақ студенттерге, магистранттар мен докторанттарға бірлесіп ғылыми жетекшілік ету бағыттарында жалғастыру жоспарлануда.
Семинар 1983 жылы Новосібірде бастау алған «Жалын құрылымы» ғылыми кездесулерінің көпжылдық дәстүрін жалғастырып, жаңа ғылыми байланыстар мен бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуға мүмкіндік берді. 
Халықаралық семинарды ұйымдастыру мен өткізуге Химиялық физика және материалтану кафедрасы атынан кафедра меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Ж.Т. Тауанов, профессор З.А. Мансуров, профессор М. Нажипқызы, зерттеуші-доцент А.Е. Баккара, сондай-ақ кафедра оқытушылары, жас ғалымдары, докторанттары мен студенттері белсенді атсалысты. Ресми бағдарламаға сәйкес, профессор З.А. Мансуров семинардың тең төрағасы, профессор М. Нажипқызы ғылыми хатшысы болды, ал Ж.Т. Тауанов пен А.Е. Баккара 11ISFS техникалық комитетінің құрамына кірді.