ЭКОНОМИСТТЕРДІҢ ТИМБИЛДИНГІ — ҚазҰУ

ЭКОНОМИСТТЕРДІҢ ТИМБИЛДИНГІ

21 қыркүйек 2026
ЭКОНОМИСТТЕРДІҢ ТИМБИЛДИНГІ

20.09.2026 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі, «Экономика» кафедрасының студенттері мен оқытушы-кураторлары БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) насихаттау және жүзеге асыру аясында ауқымды факультеттік іс-шара өткізді. Атап айтқанда, бұл бастама ТДМ 3-ші мақсаты – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», ТДМ 11-ші мақсаты – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 13-ші мақсаты – «Климаттың өзгеруімен және оның салдарымен күресу » және ТДМ 15-ші мақсаты – «Құрлық экожүйелерін сақтау» бағыттарына толықтай сәйкес келеді.

Осы жобалардың негізінде «Экономика» кафедрасының ұжымы Алматы маңындағы көрікті Бұтақты шатқалына шығып, салауатты өмір салтын айшықтай түсті. Таза ауада өткен бұл тимбилдинг студенттердің физикалық белсенділікке деген қызығушылығын арттырып, табиғат аясында денсаулықты нығайту жолдарын айқындауға мүмкіндік берді. Тауға көтерілу арқылы қатысушылар дене төзімділігін шыңдап, топпен бірге жұмыс істеу, бірін-бірі қолдау дағдыларын жетілдірді. Таулы аймақтың табиғи кедергілерін еңсеру жастардың бауырластық рухын көтеріп, өзара сенімділікті арттырды.

Бұл әлеуметтік іс-шараның студенттер мен оқытушылар үшін атқаратын рөлі өте зор. Ең алдымен, ол тек спорттық немесе демалыс шарасы емес, жастардың экологиялық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыратын маңызды білім беру құралы болып табылады. ТДМ 13 және 15 мақсаттарына сәйкес, жастар табиғат аясында демалу барысында қоршаған ортаны қорғаудың, қалдықтарды ретсіз қалдырмаудың және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын іс жүзінде ұғынды. Саяхат барысында студенттер табиғатқа ұқыпты қарап, эко-белсенділік үлгісін көрсетті.

Сонымен қатар, ТДМ 3 пен 11 аясында ұйымдастырылған мұндай жиындар қалалық күйбең тіршіліктен тыс жерде, табиғи ортада белсенді демалыс мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Студенттер мен оқытушы-кураторлар арасындағы бейресми қарым-қатынас академиялық ортаны нығайтып, аудиториядан тыс жерде де бағалы адами байланыстар орнатуға көмектесті. Жастардың тобымен жұмыс істеу қабілеті артып, көшбасшылық қасиеттері шыңдалды.

Қорытындылай келе, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі, «Экономика» кафедрасы ұйымдастырған бұл тимбилдинг студенттердің бойында сергектік пен жоғары жауапкершілікті қалыптастырған сәтті әлеуметтік жоба болды. Осындай бастамалар болашақ экономистерді тек білікті маман ретінде емес, сонымен бірге қоршаған ортаға жанашыр, салауатты өмір салтын ұстанатын және ғаламдық тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға дайын саналы азамат ретінде тәрбиелеуге айрықша үлес қосады.

Эдвайзер: Иляшова Г. К